ТЖМ: 11 қыркүйек күні тұрғындар мүмкіндігінше ғимараттан шығу қажет

8 Қыркүйек 2023, 17:00
795
Бөлісу:
ТЖМ: 11 қыркүйек күні тұрғындар мүмкіндігінше ғимараттан шығу қажет
Фото: Артём Чурсинов - архив

11 қыркүйекте елімізде сейсмикалық жаттығулар өткізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тұрғындарды белсенді қатысуға шақырамыз. Сейсмикалық жаттығулар барысында тұрғындар жойқын жер сілкінісі кезіндегі өзін-өзі ұстау ережелерімен танысып, қауіпсіз орындарды анықтау, зардап шеккен халықтың қабылдау пункттеріне жиналуы сияқты кейбір іс-әрекеттерді іс жүзінде пысықтайтын болады. «Баршаның назарына!» сигналын естіген кезде сабыр сақтаңыздар. Тұрғындарға мүмкіндігінше ғимараттан шығу қажет. Ал ғимараттан шығу мүмкіндігі болмаған жағдайда – қауіпсіз жерді паналау қажет, - делінген ТЖМ баспасөз қызметі.

Сейсмикалық жаттығулар «Жер-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында өткізіледі. 

Оның негізгі мақсаты – халықты жер сілкінісіне дайындау, оларға жалпы қауіпсіздік мәдениетін үйрету, сондай-ақ азаматтық қорғау күштерінің жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттерге әзірлік деңгейін арттыру. Сейсмикалық қауіпті өңірлерде жаттығулар сағат 10:00-ден 11:00-ге дейінгі аралықта өтеді (Алматы, Шымкент қалалары, Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары). Төтенше жағдайлар кезіндегі дұрыс іс-әрекеттер сіздің өміріңіз бен денсаулығыңызды қорғауға көмектеседі, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы