Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына тауға барудан бас тартуға кеңес берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматыда найзағай ойнап, қатты жаңбыр жауады, желдің екпіні секундына 18 метрге дейін жетуі мүмкін. Осыған байланысты азаматтарды жеке қауіпсіздік шараларын сақтауға және тауға шықпауға шақырамыз. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз! – деп жазылған хабарламада.
Құтқарушылардың айтуынша, жаңбыр, қар немесе қатты жел кезінде тауға шығу қауіпті. Ауа райы жақсарғанға дейін жорықты кейінге қалдырған жөн.
Кеш батқанға дейін үйге оралыңыз, себебі кері жолды табу қиынға соғуы мүмкін, – деп ескертті мамандар.
Сонымен қатар, жеке тұрғын үйлердің иелеріне нөсер суларының ағуын қамтамасыз ету үшін дренаж жүйелерін тексеруге кеңес беріледі.