Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Адамдардың оқшаулануы кезінде дағдарыс орталықтарының сенім телефонына зорлық-зомбылық көргендер тарапынан хабарласу жағдайы артқан. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың халыққа есеп беру кездесуінде айтты.
Министр есеп беру кезінде елдегі қылмыстық жағдайға тоқталып, бірнеше бағыт бойынша жағдай жақсарғанын жеткізді.Жыл басынан бері қылмыс 38% төмендеді. Адам денсаулығына зақым келтіру, тонау, ұрлық жасау, кәмелетке толмағандармен жасалатын қылмыс және ішімдік ішіп жасалатын қылмыстар төмендеген. Алайда отбасындағы тұрмыстық жанжалдар 25% өскен. Өкінішке қарай бұл жерде де зардап шеккен он адамның тек екеуі ғана полицияға жүгінуге келіседі. Отбасында болған жанжалға қатысты адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 37 мың хаттама толтырылған,-деді ол.
Сонымен қатар, ол ТЖ кезінде қашықтан сауда жасау, онлайн қызмет көрсетуді интернет алаяқтары өз пайдаларына жаратқанын жеткізді.
Жақында Алматы қаласында интернет арқылы құйтырқы істерін іске асырып келген топ ұсталды. Қылмыскерлер 800-ге жуық азаматтың 1 млрд теңгеден астам қаражатын қолды қылған. Осы тұрғыда азаматтарға электронды төлем кезінде өте мұқият болуға шақырамын. Оның үстіне әлеуметтік желіде түрі алаяқтық жарнамалар жасалып жатыр, оған танымал артистер тартылуда. Мәселен, Гранд ломбард сияқты бірнеше микрокредиттік мекемелер пирамидалық жолмен ақша тапқан. Олардың әрекетінен 39 мың салымшы 8 млрд теңге мен мүліктерінен айырылған. Олардың көбі қазір материалдық ауыр жағдайда. Бұл іс бойынша барлық өңірлерді филиалдары бойынша жедел тергеу шаралары қолға алынып, 25 адамның үстінен іс қозғалды. Шетелге қашып кеткен 3 адам ұсталып, елге жеткізілді, - деді Тұрғымбаев.