Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада карантин кезінде ереже бұзғандардың көлігін полиция айыппұл тұрағына әкетеді. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.
Нұр-Сұлтанда полиция 31 наурыздан бастап карантин режимін бұзғандардың көлігін айыппұл тұрағына алып кетеді. Қосымша 4 айыппұл тұрағы ашылды. Полиция қызметкерлері бақылауды күшейтті. Олар тәулік бойы қалада кезекшілік жұмыстарын атқарып жатыр. Мобильді топтар, жаяу нарядтар жұмылдырылды. Өткізу-бақылау бекеттеріндегі жағдайды дрон арқылы қадағалап жатыр, - делінген елорда әкімдігінің мәліметінде.
Сонымен қатар, мәліметке сәйкес 28 және 29 наурызда көшеге себепсіз шыққаны үшін 200-ге жуық тұрғын полицияға жеткізілді: 77 адамға айыппұл салынып, бірқатар істер сотқа жіберілді. Жалпы 22-29 наурыз аралығында ТЖ режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке 300-ден астам азамат тартылса, оның 75-і қамауға алынған. 200-ге жуық адамға айыппұл салынды. 2000-ға жуық тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Елордада індеттің таралмауы үшін барынша қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Жұмыс орнынан анықтама немесе үйден шығуға нақты себеп болмаған жағдайда тәртіп бұзған азаматтардың көлігі айыппұл тұрағына жіберіледі. Тұрғындарға үйден тек жақын маңдағы азық-түлік дүкеніне, дәріханаға, сондай-ақ медициналық қызмет алуға және жұмыс орнынан анықтамасы болған жағдайда жұмысқа шығуға рұқсат.
Елордалық полицейлер тәртіп бұзушылар базасын толықтырмауға шақырады.
Өзіңізге және жақындарыңызға қауіп төндірмеңіз, коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу қажет. Өзіңіздің және біздің уақытымызды бекер жұмсамаңыз – карантин ережелерін сақтау қажет, - дейді әкімдік хабарламасында.