Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың комменданты, полицияның генерал-майоры Ержан Сәденов елордада төтенше жағдай жөнінде бұйрыққа қол қойды.
Аталған құжат аясында қоғамдық тәртіпті сақтау үшін тиісті шаралар қабылданды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін елордаға уақытша шектеулер енгізілді. Қоғамдық тәртіпке жауапты күзет қызметі, сол сияқты аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандардың күзеті, қаланың тыныс-тіршілігіне жауапты және қоғамдық көлік қозғалысына жауапты қызметтің күзеті күшейді.
Бұдан бөлек коменданттық уақытта – 23:00-ден 07:00-ге дейінгі аралықта қала тұрғындарының көшеге шығуына, қоғамдық көліктің қозғалуына шектеу қойылады. Тек қаланың тыныс-тіршілігіне жауапты тұлғаларға, көліктерге жүріп-тұруына рұқсат беріледі.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері тиісті құжаттарды, азаматтың жеке басын куәландыратын құжатын тексереді. Сонымен қатар жеке тексеру, азаматтардың заттарына, көлігіне тексеру жүргізеді.
Нұр-Сұлтан қаласына кіруге, сол сияқты блокпост қойылған барлық бағыттан шығуға шектеу қойылады. Қалада бейбіт жиындар, спорт және өзге де іс-шараларға өткізуге, әсіресе ереуілдер ұйымдастыруға, сол сияқты өзге де заңды орындардың қызметін тоқтатуға тыйым салынады.
Қару-жарақ, жарылғыш құрылғылар, улы және арнайы дайындалған заттар сатуға тыйым салынады.