2021 жылдың жазында қазақ кино әлемінде өзіндік орны бар 25 жастағы актер Абай Асылхан мен 34 жастағы актриса Жанель Мақажан отау құрған болатын. Осы орайда Абай Асылхан жұбайымен қалай танысқанын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Актер Instagram-дағы парақшасында Жанельмен бірінші рет қайда кездескенін есіне алды. Ол танысқанға дейін Жанельдің бірде-бір фильмін көрмегенін айтты.
2019 жылы мен академиялық мобильділік аясында Алматыдағы Жүргенов университетіне келдім. Осында жарты жыл оқыдым. Сол кездері маған концерт жүргізу туралы ұсыныс жасалды. Екінші жүргізуші кім болады деп сұрадым. Ол Қазақстандағы әйгілі актриса Жанель Мақажан екенін айтты. Шынымды айтсам, сол уақытқа дейін оның бірде-бір фильмін көрмеппін. Дегенмен менің группаластарымның жартысы, әсіресе жігіттер оның кім екенін жақсы біліп, өнеріне сүйсіне қарайтын. Концертті өткізгеннен кейін Instagram-да бір-бірімізге жазылып, нөмір алмастық, - деді актер.
Абай Асылхан Жанельге қалай ұсыныс жасағаны туралы айтты.
Бара-бара өз басымда қалыптастырып алған әйел портреті дәл алдымда отырғанын, өмір бақи қасымда болғанын қалайтын адамым осы екенін түсіндім. Уақыт өте келе мен оған қыз-жігіт болып жүруге ұсыныс жасадым. Сонда ол маған "Ты серьезно, братишка?!" деді. Мен саған "братишка" емеспін деп жауап қаттым. Себебі мен онымен кездескім келеді деп ниеттендім. Дегенмен небәрі 25 жастағы жігітте бірден 11 және 13 жасар балалар пайда болатынын ойланбаппын. Сол сәтте біріншіден оларды қалай асыраймын деген қорқыныш пайда болды. Екіншіден әке бола ала аламба деген ой болды. Үшіншіден осындай үлкен жауапкершілікке дайынмын ба деп ойға баттым, - деді Абай Асылхан.
Ол үйленер алдында әке-шешем, туысқандарым, бүкіл Қазақстан не дейді деген сұрақтар мазалағанын айтып өтті.
Барлық адам сияқты мені әке-шешем, туысқандарым, бүкіл Қазақстан не дейді деген сұрақтар мазалады. Алайда мен не өзімді, өзімнің бақытымды немесе басқалары не дейтінін таңдауым керек екенін түсіндім. Мен өзімді таңдадым. Осы бақытым үшін күрестім. Ақыр соңында мен оған үйлену туралы ұсыныс жасадым. Біз мұсылманша некемізді қидырттық, отбасын құрдық. Осылайша 25 жастағы жігіт пен 34 жастағы әйелдің отбасылық махаббаты бастау алды. Қазір мен онымен бірге өткерген әрбір сәтіме қуанамын, - деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Абай мен Жанель 17 қыркүйекте қызды болды. Сәбидің есімін Мәриям деп қойды. Ортақ қыздарынан бөлек Жанельдің бірінші некесінен ұлы мен қызы бар. Дегенмен актер оларды өз баласындай қабылдап, бауырына басты.