Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Түзету мекемелерінде бейнебақылау камерасын бұзғандар жазаланады

26 Шілде 2025, 14:06
1180
Бөлісу:
 Ішкі істер министрлігі
Фото: Ішкі істер министрлігі

Қазақстанда түзеу мекемелеріндегі тәртіп пен ашықтықты арттыру бағытында маңызды қадам жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2024 жылдың шілде айынан бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 428-1-бап енгізілді. Бұл жаңа норма қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі бейнебақылау камераларын әдейі зақымдағаны немесе істен шығарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырады.

Баптың қабылдануына себеп болған басты фактор — еліміз бойынша түзеу мекемелеріне тәулік бойы жұмыс істейтін бейнебақылау жүйелерінің кеңінен енгізілуі және осы камераларды әдейі бұзу жағдайларының жиілеп кетуі. Бейнебақылау камералары сотталғандардың да, мекеме қызметкерлерінің де әрекетін толық қамтып, жүйедегі ашықтық пен тәртіпті қамтамасыз етеді.

Деректер не дейді?

428-1-бап күшіне енген алғашқы жылдың ішінде 70-тен астам қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде 35 сотталған азаматқа қосымша жаза мерзімі тағайындалып, келтірілген материалдық шығынды азаматтық тәртіппен өтеу міндеттелді. Мысалы, Шымкенттегі №55 мекемеде 13 сотталған адам бейнебақылау жүйесін қасақана істен шығарғаны үшін әрқайсысы 6 жылға қосымша сотталды, - делінген Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ақпаратында.

Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша 78 түзеу мекемесінде 43 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл құрылғылардың жазбалары нақты уақыт режимінде ҚАЖ комитетіне, Ішкі істер министрлігіне және прокуратура органдарына жолданып отырады.

Бейнебақылаудың артықшылықтары:

Адам құқықтарының сақталуын бақылау;

Құқық бұзушылықтарды жедел анықтау;

Қызметкерлер мен сотталғандар арасында тәртіпті нығайту.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің дерегінше, 428-1-бап енгізілгелі бері құқықбұзушылықтар саны азайған. Бұл өзгеріс бейнебақылау жүйесінің тиімділігін ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік мүліктің сақталуын және бюджет қаражатын үнемдеуді де қамтамасыз етіп отыр.

Өзгелердің жаңалығы