Тұрмыстық зорлық көргендер саны азайды ма?

27 Ақпан 2023, 18:26
1334
Бөлісу:
Тұрмыстық зорлық көргендер саны азайды ма?

Ақтөбе облысында өткен жылы отбасылық-тұрмыстық жағдайда 13 қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 45 пайызға (2021 жылы 24 қылмыс тіркелген) төмендеген, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Әйелдердің отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көруі қазір қоғамдағы өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл мәселеге былтыр ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында тоқталып, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтуді тапсырған болатын. 

Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни, осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды, - деген еді Мемлекет басшысы. 

Президенттің осы тапсырмасынан кейін елімізде бірқатар профилактикалық шаралар өткізілді. Мәселен, Ақтөбе облысында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы ұйымдастырылды. 

Ақтөбе облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Жұлдыз Қожабекованың айтуынша, бүгінде әйелдерге тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету мәселесі өте өзекті болып отыр. Себебі өткен жылы еліміз бойынша 100 мың әйел ішкі істер органдарына шағым қалдырып, өздерінің отбасында зәбір көргенін айтып, хабарлама түсірген.  

Полиция мамандарының айтуынша, былтыр әлгі шағым қалдырған әйелдердің 62 пайызы арыздарын кері қайтарып алған. Яғни, олар күйеулерін әрі қарай қудалауға қарсы болған. Бұл жерде біз оның себеп-салдарымен күресуіміз қажет. 

Мысалы, полиция мамандарының берген деректеріне сүйенсек, мұндай келеңсіз оқиғалар бұрын жағдайы төмен отбасыларда көп болса, қазір материалдық жағдайы жақсы отбасыларда көп тіркеледі екен. Бұрын біз көп дүниені әлеуметтік жағдаймен байланыстырсақ, қазір мұндай зорлық-зомбылық көрсету деректері көзге шөп салу, қаржылық тәуелділік, екі адамның мінез-құлқының жараспауы, тағы басқа жағдайлармен байланысты болып отыр. Тағы бір дерек, былтыр елімізде 300 баланың арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесінде олардың 60 пайызы отбасында өздерін қауіпсіз сезінбейтінін жеткізген. Себебі отбасында әкесінің анасына зорлық көрсететіні айтылған. Меніңше, бұл жерде көп нәрсе тәрбиеге келіп тіреледі. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, әрбір бала отбасында көрген тәрбиені қайталайды. Сондықтан ендігі уақытта елімізде отбасы құндылығын насихаттайтын, әкелердің рөлін күшейтетін жобалар әзірлеу керек. Отбасында әке де, ана да бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуі тиіс, — дейді Жұлдыз Қожабекова.

Комиссия мүшесінің айтуынша, өткен жылы 25 қараша-10 желтоқсан аралығында облыста ұйымдастырылған акция аясында Ақтөбе облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері әр сала мамандарымен кездесіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген. 

Осы акция аясында мәдениет саласы мекемелерінің қызметкерлерімен кездесіп, 16 күн бойы түсіндіру жұмыстарын жүргіздім. Инстаграмдағы жеке парақшама әйелдерден көптеген хаттар келді. Мәселен, бір әйел 10 жылдан бері жолдасынан зәбір көріп келе жатқанын жазған. Міне, мұндай деректер көп. Біз осы акция шеңберінде бірқатар тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерді  облыстағы дағдарыс орталықтарына апарып, көмектестік. Бүгінде облысымызда мұндай бірнеше орталық бар, — дейді ол.

Ал Ақтөбе облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Ақкүл Қасанғалиеваның айтуынша, былтыр облыс бойынша әйелдеріне зәбір берген 4119 ер-азаматқа арнайы нұсқама шығарылған. Оның ішінде 1228 адамға ерекше талап белгіленген. 

2022 жылы облыста отбасылық-тұрмыстық жағдайда 13 қылмыс жасалса, оның үшеуі  адам өлтіру, яғни Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша тіркелген. Ал денсаулыққа қасақана ауыр зардап келтіргені үшін 3 адамға, ауыр орта дене жарақатын келтіргені үшін 7 адамға қарсы іс қозғалған. Бұл деректер 2021 жылмен салыстырғанда 40-50 пайызға төмен. Дегенмен мұндай келеңсіз жағдайлар әлі де өңірімізде тіркеліп отыр. Сонымен қатар былтыр облыс бойынша отбасылық-тұрмыстық қатынаста әйелдерге қатысты бұзушылықтар жасаған 1543 адамның үстінен іс қозғалған. Осындай жағдайлардың нәтижесінде облыстағы дағдарыс орталықтарына 2022 жылы 352, 2021 жылы 247 әйел орналастырылды, — дейді Ақгүл Қасанғалиева.

Полиция майорының айтуынша, дағдарыс орталығына орналастырылған әйелдер қатарында күйеуінен бөлек енесінен, қайын апасынан, қайын сіңлісінен, басқа да тума-туыстарынан зардап шеккендер және басқа да қиын жағдайға тап болғандар бар.

Осы мәселенің алдын алу үшін облыстағы барлық аудандарда инспекторлар аптасына екі рет әкімдікте ауыл тұрғындарымен кездеулер өткізіп, ақпараттандыру жұмыстарымен айналысып жатыр, — дейді ол.

Айта кету керек, отбасында зәбір көрген әйелдер көмек алу үшін 102, 150 нөмірлеріне хабарласуына болады.

Ақтөбе облысында отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген, қиын жағдайға тап болған әйелдерге арналған «Малика» орталығы жұмыс істейді. Қазір мұнда 13 бала, 7 әйел тұрып жатыр. Олар бұл орталықта 1-6 ай аралығында тұрып, жан-жақты көмек ала алады. 

Орталықтың ашылғанына алты жыл болды. Осы уақытқа дейін жүздеген әйел мен балаға көмек бердік. Мәселен, өткен жылы 173 мұқтаж жанға әлеуметтік, психологиялық, медициналық және экономикалық жағынан жан-жақты қолдау көрсетілді. Біз орталыққа келген әйелдердің жұмысқа тұрып, табыс табуына, балалардың балабақшалар мен мектептерге орналасуына көмек көрсетеміз. Мұнда олар күніне төрт мезгіл тегін тамақтанады, — дейді «Малика» орталығының психологы, медиатор Әдемі Амангелдіқызы.

Бүгінде «Малика» дағдарыс орталығында 11 маман жұмыс істейді. 

Өзгелердің жаңалығы