Тұрлыханов арзан бағамен үй береміз деп халықты алдап жүргендер жайлы айтты

21 Ақпан 2024, 13:05
1442
Бөлісу:
Тұрлыханов арзан бағамен үй береміз деп халықты алдап жүргендер жайлы айтты
Фото: BAQ.KZ -архив

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов үлескерлер мәселесін шешуді сұрап, Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың сөзінше, 20 жыл өтсе де, алданған үлескерлердің мәселесі толық шешімін таппай келе жатыр. Оған көптеген сайлаушының арыз-өтініштері себеп болып отыр. Мыңдаған қазақстандық жауапсыз құрылыс салушыларға сенім артып, тұрғын үйсіз қалды.

Оның ішінде зейнеткер де, тұрмысы нашар және көпбалалы отбасылар, жалғызбасты ана мен мүгедек жандар да бар. Бүгінде қолындағы бар қаражатын үйге салып, өздері пәтер жалдап жүрген халық көп. Қолдағы мәліметке сүйенсек, соңғы екі жылда үлестік құрылыс саласындағы қылмыстық істер бойынша 16 адам сотталып, 300-ден астам компания әкімшілік жауапкершілікке тартылған, - дейді Дәулет Тұрлыханов.

Депутат атап өткендей, жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы үлескерлік құрылыс проблемасына тағы тоқталып өтті.

Дегенмен нақты жұмыс әзірге байқалмайды. Мысалы, әлі күнге дейін құрылыс компаниялары азаматтарды үйді төмен бағамен береміз деп, оларды алдап жүр. Нәтижесінде ақша да жоқ, уәде етілген «шаршы метр» де жоқ. Көбінесе құрылыс салушылардың заңсыз әрекеттері азаматтардың қаражатын алдын ала келісілген шарттар, инвестициялар сияқты заңсыз басқа бағытта жасалады, - деді ол.

Мәжілісмен атап өткендей, Астана қаласының аумағында 243 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтап, оған 40 мыңнан астам үлескер тартылған екен. Осы объектілердің әрқайсысының құрылысын аяқтау мемлекеттің тікелей қатысуын талап етеді. Құрылыс компаниялардың саны азайғанымен, негізгі проблема өзгерссіз тұр. Мысалы, астанамызда «Сатурн-1,2,3,4», «София» сияқты тұрғын-үй кешендері аяқталмаған, ал аяқталғанының құжаты реттелмеген. Сонымен қатар «Диана», «Оникс», «Аскер-1», «Аскер-2», «Хазар», «Оазис» сияқты ондаған жылдар бойы құжаты дұрысталмай, әлі күнге дейін қажетті инфрақұрылымдар жасалмаған тұрғын-үйлер жетерлік.

Бәрімізге белгілі, заң бойынша, құрылыс салушылар үлескерлердің ақшасын екі жағдайда ғана тарта алады. Біріншіден, қазақстандық тұрғын үй компаниясымен шарт болған кезде. Екіншіден, әкімдіктің рұқсаты болған жағдайда. Егер жобаға банк қатысса немесе үйдің каркасы болса, әкімдік рұқсат береді. Құрылысты қабылдау комиссиясының жұмысына қатысты да заң бұзушылықтар бар. Бұл тұрғын үй кешендерін пайдалануға қабылдайтын кезде байқалады. Жылдап күтіп, әзер қолы жеткен баспананы алғаннан кейін, азаматтарымыз шешілмеген проблемалармен соттың табалдырығын тоздырып жүр. Осылайша, еліміздегі құрылыс саласында біраз мәселелер туындап отыр, - деп түсіндірді Тұрлыханов.

Оның ішінде, жауапсыз құрылыс салушылардың санының өсуі, үлескерлердің құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерінің болмауы, сондай-ақ, мемлекеттік органдар тарапынан қатаң бақылау мен жүйелі талаптың болмауы бар.

Депутат тез арада еліміз бойынша үлкен проблема тудырып отырған құрылыс компанияларының және оның артында тұрған мыңдаған тағдырлы отбасылардың мәселелерін шешуді сұрады.

Өзгелердің жаңалығы