Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясының (ТҮРКПА) Бас хатшысы Рамиль Сагиб оглы Гасан Қазақстандағы республикалық референдум барысында бақылаушылар миссиясы ешқандай заңбұзушылықты тіркемегенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, ТҮРКПА миссиясы дауыс беру барысын түрлі сайлау учаскелерінде бақылап отыр.
Қазіргі уақытқа дейін Қазақстанның сайлау туралы заңнамасына, сондай-ақ халықаралық құқық пен халықаралық стандарттарға қайшы келетін ешқандай құқықбұзушылықты байқамадық, — деді Рамиль Сагиб оглы Гасан.
Ол бақылаушылар миссиясының құрамына Әзербайжан, Қырғыз Республикасы және Түркия парламенттерінің депутаттары, сондай-ақ ТҮРКПА халықаралық хатшылығының дипломаттары кіретінін атап өтті.
Ассамблеяның бас хатшысының айтуынша, бақылаушылар бірнеше сайлау учаскесіне барып үлгерген.
Әріптестеріммен бірге шамамен жеті учаскеде болдық. Ешқандай заңбұзушылықты байқамадық, — деді ол.
Сондай-ақ миссия өкілдері дауыс беруге қатысқан азаматтардың белсенділігіне назар аударған.
Ең бастысы — Қазақстан халқы бұл процеске ерікті түрде әрі белсенді қатысып жатыр. Біз адамдардың белсенді түрде келіп, өз дауыстарын беріп жатқанын байқадық, — деді Гасан.
Оның айтуынша, бақылаушылар сайлау учаскелері жабылғанға дейін жұмысын жалғастырады.
Кешке сағат 20:00-де дауыс беру учаскелері жабылған соң, біз дауыстарды санау процесін де бақылауға қатысамыз. Ертең қорытынды баспасөз конференциясын өткізіп, бақылау нәтижелері мен толық ақпаратты ұсынамыз, — деді ТҮРКПА Бас хатшысы.