Түркияның Бурса провинциясында орналасқан Улудаг тау шаңғысы курортындағы қонақүй өртеніп, бірнеше адам құтқарылды, бірақ оқиға кезінде қайтыс болғандар да бар. Бұл туралы BAQ.KZ CNN Turk арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Өрт қаңтар айында туристік қызмет көрсету үшін жарамсыз деп жабылған қонақүйде шыққан. Қонақүйдің сертификаты мерзімі өтіп кеткен еді, ал оның бизнес лицензиясы муниципалитет тарапынан ұзартылмаған.
Бурса муниципалитетінің мэрі Мұстафа Бозбей телеарнаға тікелей эфирде өрт сөндірушілердің оқиға орнына дер кезінде жеткенін айтты. Ол төрт адамның құтқарылғанын және бір адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Sabah басылымының мәліметі бойынша, қайтыс болғандар саны екі адамға жеткен. Олардың арасында шаңғышы Беркін Уста мен оның әкесі, Түркия шаңғы және сноуборд мұғалімдері қауымдастығының президенті болған Яхья Уста бар. Беркін Устаның анасы Фикрие Уста ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілді. Өрт кезінде ғимаратта 12 адам болған.
Қазіргі уақытта өрт сөндірілгені, ал оқиға орнына 25 техника мен 60 адам жұмысқа тартылғаны белгілі болды.
Айта кетейік, қаңтар айында Түркиядағы басқа бір қонақүйде болған өрттен бір отбасынан 14 адам қаза тапты. Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған олардың туыстарына көңіл айтты.