Анкара маңындағы теракттен соң Ирак пен Сирияның солтүстігінде террорлық ұйымдарға тиесілі 470-тен астам нүктеге шабуыл жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
Олардың ішінде, 213 содырдың көзі жойылған.
Бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған министрлер кабинетінің отырысынан кейінгі ұлтқа жасаған үндеуі кезінде мәлімдеді.
Біз ешқашан терроризмді оның түп-тамырымен жою бойынша стратегиямыздан бас тартпаймыз. Біз терроршыларға қарсы – еркін Түркия үшін операцияларды жалғастырамыз, - деді ел президенті.
Ердоған Түркия 40 жылдан бері келе жатқан осы проблемадан міндетті түрде құтылатынын, терроризм елдегі саясатты басқарудың құралы ретінде қолданылып келе жатқанын айтты.
Еске сала кетейік, 23 қазанда Анкара маңында орналасқан Turkish Aerospace (TUSAŞ) аэроғарыш компаниясының нысанында теракт болып, бірнеше адам қаза тапты.