Түркия-Иран шекарасы күшейтілген режимге ауысты

17 Шілде 2021, 22:08
3714
Бөлісу:
Түркия-Иран шекарасы күшейтілген режимге ауысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркия Иранмен шекараласатын аумақтарына 20 мыңнан астам шекарашыларын жайғастырды. Бұл туралы жергілікті Hürriyet басылымы жазды.

Басылым мәліметіне қарағанда, Иран арқылы Түркияға заңсыз кіріп жатқан ауғанстандық босқындарды тоқтату және бақылау мақсатында Түркия Ішкі істер министрлігі күшейтілген режимге ауысқан.

Ресми Анкараның бұндай қадамға баруына осы аптада әлеуметтік желілерде тараған видео себеп болғаны айтылады. Онда Түркияның Иранмен шекаралас Ван аймағында ауғанстандық мыңдаған босқынның шекарадан тоқтаусыз өтіп жатқаны көрсетілген. Бұл видео әлеуметтік желіде әлі де қызу талқыланып жатыр.

Түрия мен Иран арасындағы шекараның жалпы ұзындығы 560 шақырымға жетеді. Бұл шекара сызығы бойында 4 шекара-өткізу бекеті бар.

Соңғы мәліметтерге қарағанда, АҚШ бастаған халықаралық коалиция ауған жерінен 1 мамырдан бастап шығарыла бастағалы бері "Талибан" жасақтары Ауғанстанның 423 ауданының үштен бірін басып алған. Ал бұл елдегі соғыстан қашқан босқындардың саны соңғы кезде еселеп көбейіп жатқаны айтылады.

БҰҰ мәліметі бойынша, жыл басынан бері 223 мың ауғанстандық туған топырағын тастап кетуге мәжбүр болған. Бұл сан өткен аптада ғана 56 мыңға көбейді.

Өзгелердің жаңалығы