Түркия 15 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге кіруіне шектеу қойды

 ©BAQ.KZ коллажы 2 Қараша 2026, 10:41
2 Қараша 2026, 10:41
172
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Түркияда 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салу туралы жаңа талап күшіне енді. Енді әлеуметтік желі платформалары пайдаланушылардың жасын тексеріп, бұған дейін ашылған кәмелетке толмаған балалардың аккаунттарын кезең-кезеңімен бұғаттауы тиіс.

Отбасы және әлеуметтік қызметтер министрі Махинур Гөкташтың айтуынша, жаңа талаптарға бейімделу кезеңі 2027 жылғы 31 наурызға дейін жалғасады.

Әлеуметтік желілерге кіру үшін пайдаланушылар жеке басын мемлекеттік e-Devlet платформасы арқылы растауы қажет болады.

Ал 15 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер әлеуметтік желілерді белгілі бір шектеулермен пайдалана алады. Оларға тікелей эфир жүргізуге тыйым салынады. Сондай-ақ олар тек достарымен ғана хат алмаса алады.

Жаңа талаптарды бұзған әлеуметтік желі платформаларына, сондай-ақ 15 жасқа толмаған балалардың атына аккаунт тіркеген тұлғаларға санкциялар қарастырылған.

Сонымен қатар шетелдік туристер паспорттық деректерін растағаннан кейін әлеуметтік желілерді пайдалана алады.

Түркия билігі бұл жаңашылдықты балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың сабақ оқуға көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасау қажеттілігімен түсіндірді.

Наверх