Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте өтіп жатқан ішкі туризмнің проблемалары мен даму перспективаларына арналған «Үкімет сағатында» депутат не себепті әуе билеті құнының бағасы қымбат екенін айтты.
Депутат Сырым Ертаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өкіліне сұрақ қойды.
Халықпен кездесуімізде Түркістан облысының, Түркістан қаласының туризмін дамыту үшін, мысалы, Түркістан қаласынан Ташкентке ұшу 25 мың теңге (Fly Arystan әуе компаниясының ұшағына – автор) шамасында. Ал Ташкенттен Түркістанға қайта ұшып келу шамамен 250 мың теңгені құрайды. Яғни 10 есеге жоғары. Не себепті мұндай баға? Оны кім қадағалап жатыр? Бұл елге туристер келу үшін үлкен кедергі болып отыр. Сондай-ақ қазақстандықтарға Ташкентке барып-келу үшін неге билет құны қымбат? – деп сұрады депутат.
Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев депутаттың сұрағына жауап берді.э
Fly Arystan – бұл лоукостер компаниясы. Қазіргі уақытты Түркістан әуежайында аптасына 40 рейс орындалады. Оның 6-уы халықаралық. Түркістан қаласынан барлық облысқа субсидия бөлініп, қалаға әуе компанияларының ұшақтары ұшып келіп отыр. Субсидияның көлемі республикалық бюджетте 5,8 млрд теңге. Бірақ Fly Arystan Air Astana-ның еншілес компаниясы. Сол себепті олар коммерциялық рейстермен ұшады. Сіз айтып өткендей, Ташкент қаласына 25 мың теңгеге ұшып, артқа 250 мың теңгемен ұшады деген ақпаратты тексереміз. Бұл лоукостер болғаннан кейін 10 есе баға қоюға олардың құқығы жоқ. Сондай-ақ Ұлттық экономика министрлімен бірге бағаларға шектеу бойынша ұсынысымызды жол картасына енгіздік, - деп жауап берді вице-министр.
Вице-министр Fly Arystan компаниясымен бұл мәселе бойынша жұмыс жүргізілетінін айтты.