Жыл басында Түркістан облысының 8 ауданында білім бөлімінің қызметкерлері 12 млрд теңге көлемінде қаржы жымқырғаны белгілі болды. Облыстық прокуратура мен экономикалық тергеп тексеру департаментінің қызметкерлері аса ірі көлемде қаржы ұрлаған 165 адамға қатысты тергеуді аяқтап, қылмыстық істерді сотқа өткізді. Бүгінде олардың бірқатары сотталды.
BAQ.KZ тілшісі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтен жылдар бойы жасалған ұрлықты қалай ешкім білмегенін сұрады.
2023 жылы Түркістан облысына орынбасар болып тағайындалған кезімде ол кездегі әкім Дархан Сатыбалды 2022 жылдың қорытындысымен айлыққа қаржы не себепті жетпей қалғанын қарап шығуды тапсырған болатын. Сол кезде арнайы мамандарды шақырып, тексеріс жүргізген кезде аудандарда қазынашылыққа кететін есеп пен 1С-тегі есепті салыстырғанда фамилиялар мен ИИН-дар есепте бірдей келеді. Бірақ әртүрлі азаматтарда бірдей картшот тұрады, яғни айлық түсетін картаның шоты. Қазіргі таңда 165 адамға осындай қылмыстық іс қозғалған, жүріп жатыр. Сонда осындай фактор болған. Оны былай қарасаң, көрінбейді, арнайы есепші болу керек, - деп жауап берді әкім.