Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының полицейлері “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 357 құқықбұзушылықты анықтады, деп хабарлады Polisia.kz.
Түркістан облысының аумағында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға, түнгі уақытта үйден тыс жерде үлкендердің еріп жүруінсіз жүрген жасөспірімдерді анықтауға және кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың жолын кесуге бағытталған “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.
Сондай-ақ, қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінде карантин кезінде санитарлық нормалардың талаптарын сақтай отырып, көшелерде, аулаларда және жастар көп жиналатын жерлерде түнгі рейдтер өткізу үшін бірнеше мобильдік топ құрылды.
Түркістан облысының полицейлері “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасының үш тәулігінде ішкі істер органдарына 422 кәмелетке толмаған жасөспірімді жеткізді. Оның ішінде 1 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Сонымен қатар, рейдтік іс-шаралар барысында тәртіп сақшылары жасөспірімдер арасында 357 құқықбұзушылықты анықтады. Оның ішінде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үйден тыс жерде болуының 333 жағдайын және "Ұсақ бұзақылықтың" төрт фактісін тіркеді, - делінген ведомство хабарламасында.
Ювеналды полицейлер жеті жасөспірімнің ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы "кәмелетке толмағанды тәрбиелеу және (немесе) білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сатудың жеті фактісі және алкоголь өнімдерін сатудың бес жағдайы анықталды.
Мысалы, Сарыағаш ауданында "Жасөспірім" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер қоғам және мүдделі орган өкілдерімен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтарды анықтау бойынша рейдтік іс-шараларға шықты.
Үш күндік жұмыс нәтижесінде Сарыағаш АПБ ЖПҚ-нің ювеналды полиция қызметкерлері түнгі уақытта үйден тыс жерде үлкендердің еріп жүруінсіз жүрген 32 кәмелетке толмағандарды анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігі "Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуы" бойынша ескерту жасалды. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары "Жасөспірім" жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде құқықбұзушылыққа бейім үш кәмелетке толмаған жасөспірімді профилактикалық есепке алды.
Полицейлер жасөспірімдер және олардың ата-аналарымен түрлі құқықбұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік бар екендігі туралы профилактикалық, түсіндіру әңгімелерін өткізді. Сондай-ақ, ересектерге балаларды әсіресе түнгі уақытта үйден тыс жерлерге жібермеуге шақырды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері мұндай іс-шараларды өткізу кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу тұрғысынан қажет екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты жалғасатын болады.