Түркістан облысында заңсыз темекі өнімдерін өндірушілердің жолы кесілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түркістан облысының прокуратурасы көлеңкелі экономикамен тұрақты күрес жүргізуде. Атап айтқанда, өткен жылдың наурыз айында облыс прокуратурасының үйлестіруімен Экономикалық тергеп-тексеру департаменті шегілмейтін темекі өнімдерін (снюс) заңсыз өндірумен айналысқан ірі астыртын цехтың қызметін әшкереледі.
Аталған қылмыстық іс бойынша сот үкімі шығып, кінәлі тұлғалар заңда белгіленген жауаптылыққа тартылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, ағымдағы жылы Түркістан облысы прокуратурасының үйлестіруімен Келес және Ордабасы аудандарында шегілмейтін темекі өнімдерін дайындаумен айналысқан тағы екі ірі астыртын цех анықталып, олардың қызметі толықтай тоқтатылды. Тексеру барысында аталған объектілерден 1 млн данадан астам тыйым салынған дайын өнім, 30 тоннадан астам темекі шикізаты, ароматизаторлар мен улы химиялық қоспалар, өндірістік арнайы жабдықтар, сондай-ақ 5 млн астам қаптамалық пакеттер тәркіленді, - деп хабарлады Түркістан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Заңсыз өндірілген өнім еліміздің барлық аумағына тұрақты әрі үздіксіз жеткізіліп, саудаға шығарылған. Негізгі тарату көлемі Астана, Қарағанды, Шымкент және Павлодар қалаларында анықталды.
Аталған факті бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен ҚК 301-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.