Түркістанда Ясауи кесенесі төңірегіндегі құрылыс жұмыстары шектеледі

Бөлісу:
Түркістанда Ясауи кесенесі төңірегіндегі құрылыс жұмыстары шектеледі
Фото: Артём Чурсинов - архив

Мәжіліс "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заң мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заңды Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасын орындау мақсатымен Ұлттық экономика министрлігі әзірледі.

Мақсаты – Түркістанды Қазақстанның рухани-мәдени, тарихи және туристік орталығы ретінде қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны қорғау және рухани нысандардың бірегейлігін сақтау.

Заң аясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қорғау аймағының шекарасынан 100 метр қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын, сондай-ақ тарихи ескерткіштермен ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша үйлеспейтін нысандардың құрылысына тыйым салынады.

Сондай-ақ қолөнершілер шығындарының бір бөлігі – 10%-ынан 25%-ына дейінгі аралықта жергілікті бюджет есебінен өтеу қарастырылған.

Түркістан қаласы әкімдігіне 27 қосымша өкілеттік, ал мәслихатқа 7 өкілеттік беріледі.

Ілеспе түзетулер аясында Қазақстан Республикасының Жер кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы", "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Өзгелердің жаңалығы