ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы бүкіл түркі әлемінің рухани орталығында, Қазақстанның ғана емес, жалпы Орталық Азияның тарихи қаласы Түркістанда өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер министрлерінің кеңесі 1996 жылы 19 қаңтарда қылмысқа қарсы іс-қимылдарды үйлестіру және бірлесіп жүргізу мақсатында құрылған.
Бұл кеңес құқықтық тәртіпті нығайтуды көздейді, полиция құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлейді, Ішкі істер министрліктері арасында өзара тәжірибе мен ақпарат алмасуға жәрдемдеседі, ТМД-дағы ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстың өзге де қауіпті түрлеріне қарсы күресті үйлестіру бюросының қызметіне басшылық етеді. Аталмыш ұйымның құрылғанына биыл 30 жыл.
Жиынға Қазақстанның атынан министр Ержан Саденов бастаған ІІМ делегациясы қатысты. Кеңес жұмысына Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстанның ішкі істер министрлері, Армения полициясының басшысы, Тәжікстан, Әзірбайжан мен Түрікменстан ішкі істер министрліктерінің, ТМД Атқарушы комитетінің, ТМД-дағы ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстың өзге де қауіпті түрлеріне қарсы күресті үйлестіру бюросының және ТМД-дағы терроризмге қарсы орталықтың өкілдері қатысты.
Кездесуде қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.
Ұйымдасқан қылмыс ТМД-ға мүше барлық мемлекеттердің ішкі қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіреді. Тәжірибе көрсеткендей, бұл сала енді “дәстүрлі” қылмыстармен шектелмейді. Экономикалық жаһандану, ақпараттық технологиялардың дамуы және шекаралардың ашықтығы ұйымдасқан қылмыстың ауқымының ұлғаюына және трансұлттық сипатқа ие болуына әсер етеді. Осыған байланысты біз оған бірлесіп тосқауыл қоюымыз керек, – деді Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Саденов.
Осы бағытта Қазақстанның ІІМ ТМД елдерімен белсенді өзара іс-қимыл жасайды. Мәселен, Байқоңыр қаласында шетелдік әріптестермен бірлесе өткен операция барысында ақша бопсалаумен және адам ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ залалсыздандырылды.
Есірткінің заңсыз айналымы – бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі. Кеңес қатысушылары психотроптық заттардың таралуына қалай тосқауыл қою керектігін талқылады. Қазақстанда бұл бағытта қазір алдын алу жұмыстарына, есірткі зертханаларын іздеуге және жоюға баса назар аударылып жатыр. Жыл басынан бері осындай 59 цех жойылды.
Сондай-ақ Алматыда шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл жасай отырып, полицейлер бірқатар Достастық елдерінің азаматтарынан құралған трансұлттық ҰҚТ-ның жолын кесті. Қылмыскерлерден 80 тоннадан астам прекурсор тәркіленді. Осылайша 10 тоннадан астам дайын есірткінің өндірісі тоқтатылды.
Кеңес отырысында 2024-2028 жылдарға арналған жол жүрісі қауіпсіздігін арттыру жөніндегі кешенді жоспар қабылданды, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдарының халықаралық бақыланатын жеткізуді ұйымдастыру және жүргізу тәртібі туралы шарттың жобасы мақұлданды, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.
Іс-шара соңында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер министрлерінің қатысуымен брифинг өтті.