Түркістан облысында су үнемдеу қалай жүріп жатқанын Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түркістан облысы еліміздегі суармалы жерлердің төрттен біріне иелік етеді. Суармалы алқаптардың жалпы көлемі 554 мың гектарды құрайды. Биыл 27 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып, 59 мың гектарға орнатылды. Жоспар артығымен орындалды. Су үнемдеу технологиялары енгізілген жалпы жер көлемі 114 мың гектарға жетті, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Суару технологияларының қолжетімділігін арттыру үшін өңірде алты кәсіпорын ашу қолға алынған. Олардың 4-еуі іске қосылды, алда тағы 2 кәсіпорын ашылады. Нәтижесінде 364 мың гектарға су үнемдеу технологиясымен қамтамасыз ету мүмкін болады. Болашақта бұл кәсіпорындар облысты және көршілес өңірлерді толық қамтамасыз етеді.
Отырар ауданында су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы күріш өсіру жобасы жүзеге асырылды. Жоба құны 7 миллион АҚШ долларын құрайды. Тамшылатып суару технологиясын қолдану нәтижесінде өнімділік артып, су екі есе үнемделген, - деді әкім.
Еске сала кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқарту арқылы егіс құрылымын әртараптандыруды тапсырды.