Түркістан прокурорлары 70-тен астам білім беру мекемелерінің асханаларында санитариялық талаптардың сақталмағанын анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Балалардың құқықтарын қорғау прокуратураның басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта Түркістан облысының прокуратурасы білім беру ұйымдарының асханаларын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігіне талдау жүргізді.
Талдау нәтижесімен мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында асханаларды жаңғыртып, пайдалануға алған кәсіпкерлердің 70 мектепте санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз қызмет атқарып келгені анықталды.
Түркістан облысының прокуратурасы аталған заң бұзушылықтар бойынша облыс әкімдігіне және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне қадағалау актілерін енгізді.
Нәтижесінде 50 білім беру мекемесі санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыларын алды және 12 184 балаға тиісті қызмет көрсетіледі.
Орын алған заң бұзушылықтар бойынша мектеп әкімшілігі мен кәсіпкерлерге Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 463-бабының 1-бөлігіне сәйкес 81 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 7,3 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заң бұзушылықтарды жою мәселесі Түркістан облысы прокуратурасының тұрақты бақылауынып отыр.