Түркістанда 250 мың теңгеге жүргізуші куәлігін жасатып бере алатын алаяқ ұсталды

31 Шілде 2022, 02:15
1572
Бөлісу:
Түркістанда 250 мың теңгеге жүргізуші куәлігін жасатып бере алатын алаяқ ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында полиция қызметкерлері жүргізуші куәлігін жасатып бере алатынын айтқан алаяқты ұстады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Полиция департаментінің хабарлауынша, Төле би аудандық бөліміне жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғанына шағымданған. Жас жігіттің айтуынша, бір танысы жүргізуші куәлігін жасатуға көмектесе алатынын айтып, сан соқтырып кеткен.

2022 жылдың мамыр айында көлікті жүргізу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу үшін аудан тұрғыны күдіктіге 250 мың теңге берген. Сенімге кірген алаяқ оған екі айдан кейін жүргізуші куәлігін қолына ұстататынын айтқан. 

Тәртіп сақшылары аталған фактіні ҚР ҚК 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тіркеп, жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті.

Полиция бөлімінде тәжірибелі полиция қызметкерлерінен тұратын жедел-тергеу тобы құрылды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде полицейлер күдікті деген жұмыссыз жас жігітті ұстады. Белгілі болғандай, ол жәбірленушіні "оңай пайда табу" мақсатымен алдап, алған ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды, - деді Түркістан облыстық ПД.

Полиция азаматтарға алаяқтықтың құрбаны болмас үшін күмәнді қызметтерді ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеуге кеңес береді.

Өзгелердің жаңалығы