Түркістан облысы туризм саласында зор әлеуетке ие болғанымен, жергілікті кәсіпорындар әлі де білікті маман жетіспейтінін алға тартады. Соңғы жылдары Түркістан қаласы тарихи және рухани орталық ретінде ішкі және шетелдік туристер үшін тартымды бағытқа айналды. Қазір қалада 68 қонақүй мен хостел, 160-қа жуық тамақтану орны жұмыс істейді. "Rixos Turkistan", "Karavansaray", "Ramada by Wyndham", "Hampton by Hilton" сияқты халықаралық деңгейдегі қонақүйлердің болуы сервис сапасына қойылар талапты күшейтіп отыр. Дегенмен осы сапаны қамтамасыз ететін кәсіби кадрлардың жетіспеуі саланың дамуына кедергі келтіруде. Осыған байланысты BAQ.KZ тілшісі Түркістан туризміндегі кадр дағдарысының себептерін зерттеп көрді.
Кадр тапшылығы – қонақүй бизнесінің көзімен
"Hampton by Hilton Turkistan" қонақүйінің атқарушы директоры Диас Халкуловтың айтуынша, жергілікті кадрларды тарту негізгі басымдықтарының бірі. Түркістан мен жақын маңдағы өңірлерден жас мамандарды жұмысқа алу аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына да, тұрақты әрі ынталы команданы құруға да сеп болады. Дегенмен кейбір бағыттарда тәжірибелі мамандардың жетіспеуі сырттан кадр тартуға мәжбүрлейтін көрінеді. Қонақүйде өндірістік тәжірибеден өтетін студенттердің көбі алғашқы еңбек жолын осында бастайды. Бірақ түрлі әлеуметтік және отбасылық себептерге байланысты олардың тек аз ғана бөлігі тұрақты жұмысқа қалады екен. Кадр тапшылығын жүйелі шешу үшін мемлекет, оқу орындары және бизнес арасындағы үшжақты байланыс нығаюы қажет деп санайды қонақүй өкілі.

Мемлекет ынталандыру шараларын көбейтіп, гранттар мен субсидиялар беруі керек. Колледждер мен университеттер өз бағдарламаларын нарық талабына сәйкестендіріп, жұмыс берушілермен тығыз байланыста болуы тиіс. Ал бизнестің міндеті – студенттерге тәжірибе ұсынып, тәлімгерлік пен мансаптық өсу мүмкіндігін кеңейту, – дейді ол.
Мәселенің білім ордасымен байланысы
Түркістанда туризм бағытында кадр даярлайтын екі университет бар. Соның бірі дәл осы салаға маманданған бейінді оқу орны. Кадр даярлау барысындағы қиындық пен жаңашыл бастаманы толық білу мақсатында Халықаралық туризм және меймандостық университет ректоры Әлібек Жұмабекұлының пікірін тыңдадық. Ректордың айтуынша, университет 2019 жылы үлкен миссиямен ашылып, алғашқы студенттерін 2020 жылы қабылдаған. Қазір оқу орнында туризмге бағытталған 10 бакалавриат және 4 магистратура бағдарламасы бар. Алдағы уақытта докторантура ашу да жоспарда тұр екен. Кадр даярлау барысындағы ахуалды нақтылау үшін студенттердің оқуға түскен саны мен бітірген түлектер көрсеткішіне де назар аудардық.
Биыл біз туризм саласына 566 түлек дайындап шығардық. 2021 жылы қабылданған студент саны 805 еді. Яғни шамамен 30 пайызы түрлі себеппен оқуын аяқтай алмады немесе басқа оқу орнына ауысты. Бұл көрсеткіш академиялық ортада қалыпты саналады, – дейді ректор.
Алайда оқуды тәмамдаған түлектерді Түркістанда ұстап қалу әлі де күрделі түйткіл екенін жасырмады.
Біздің алғашқы түлектеріміздің 90 пайызы жұмысқа орналасты. Бірақ оларды Түркістанда қалдыру оқу орнының құзіретіне кірмейді. Бұл жерде жергілікті әкімдік пен бизнес орта белсенді болуы қажет. Студент жалақысы жоғары жерді таңдайды. Сондықтан жұмыс берушілер тұрғын үй, әлеуметтік пакет сияқты қосымша жағдайларды қарастыруы тиіс, – дейді Әлібек Жұмабекұлы.
Оның сөзінше, Түркістанда ірі өндірістің аздығы кадр тұрақтылығына кедергі болып отыр. Сондықтан ректор туризм саласына да арнайы қолдау керек екенін атап өтті.
Мысалы ауылға барған маманға "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бар. Дәл осындай қолдау туризм саласына да қажет. Әйтпесе өңір кадр тапшылығын көре береді, – дейді ректор.
Яғни қосымша грант бөлу түлектерге талап қоюға және мамандарды тұрақтандыруға жол ашатынын айтты.

Қазір республика бойынша туризмге небәрі 650 грант қарастырылған. Сол грантқа 50-ге жуық университет таласады. Ал Түркістан облысында мектеп бітірушілер саны жыл сайын 33,5 мыңды құрайды. Соның кемінде 3 пайызы туризм саласын таңдайды. Егер жергілікті бюджеттен қосымша грант бөлінсе, біз түлектерге нақты талап қоя аламыз, тиісінше, өңірде кадрды ұстап қалу мүмкіндігі артады, – дейді ол.
Биыл Туризм және спорт министрлігі тарапынан жыл сайын бөлінетін атаулы грант қысқарды деген пікірге де ректор түсініктеме берді.
Туризмге берілетін грант саны қысқарған жоқ. Осы уақытқа дейін 800 грантты толық игеріп келдік, биыл соның 120-сы басқа университетке берілді. Оның себебі спорт саласындағы білім беру бағдарламасына лицензия алып үлгермегеніміз. Бірақ келесі жылдан бастап конкурсқа қайта толық қатысамыз. Жалпы біздің кадр саясаты тұрақты, сыртқы факторлар болмаса бағыт өзгермейді, – дейді Әлібек Жұмабекұлы.
Оның сөзінше, туризмде тек оқу орнынан түлек шығарып беру жеткіліксіз, жергілікті кәсіпорындар да бәсекеге қабілетті менеджмент жүргізіп, адами капиталды бағалай білуі керек.
Мысалы Түркістандағы TARY рестораны ашылмай тұрып бізбен кадрлық саясат бойынша бір жыл бұрын сөйлесті. Қазір онда жұмыс істеп жүргендердің көбі біздің студенттер. Бұл да жергілікті бизнес пен оқу орны арасындағы байланыстың жарқын мысалы, – дейді ректор.
Саланы басқарудың ұстанымы қандай?
Жергілікті кадр саясатының атқарылу барысын Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов толықтырды. Оның айтуынша, туризмде, әсіресе қызмет көрсету бағытында білікті гид-экскурсоводтар жетіспейді.
Қазір біз арнайы бағдарлама арқылы 60-қа жуық адамды оқытып жатырмыз, оның 20-сы сертификат алды. Алайда қонақүй қызметкерлерінің көбі мансаптық өсімнің болмауына байланысты мотивациядан айырылады. Яғни кадрды ұстап қалу саясаты әлсіз, – дейді ол.
Басқарма басшысы жергілікті бюджеттен қосымша грант бөлу ұсынысының әлі қаралып жатқанын айтты.

Әлеуметтік-экономикалық тұрғыда жеке грант бөлу әзірге тиімсіз. Бізде кадр тапшылығын шешетін мансаптық орталықтар бар. Бірақ бұл мәселені толық шешеді деп айта алмаймыз, – деді ол.
Соған қарамастан, ай сайын "eQonaq" жүйесі бойынша Түркістанға келетін туристер саны артып келеді. 2024 жылы тіркелген шетелдік туристер саны 21 мың болса, биыл алты айдың ішінде 23 мыңға жеткен.
Демек туризм бағыты дамып жатыр. Ендігі жерде әр кәсіпорын кадр тапшылығын өз күшімен де шеше білуі керек. Туризм де бизнес болғандықтан, бәсекелестік те маңызды, – дейді басқарма басшысы.
Жас маманның таңдауы – неге Түркістан емес?
Түркістанда оқып, туризм саласында еңбек жолын бастағанымен өзге қалаға ауысып кеткен жас маманның пікірі бұл мәселеге нақты жауап береді. Халықаралық туризм және меймандостық университетінің алғашқы түлектерінің бірі Динара Махсұт қазір Ақтаудағы "Saya Park" жаңа ойын-сауық орталығының маркетинг менеджер болып еңбек етіп жүр.

Диплом алған соң Түркістандағы KaravanSaray қонақүйіне жұмысқа орналастым. Жалақым жақсы болды, мансаптық өсу мүмкіндігі де бар еді. Бірақ менің ойымша, Түркістанда қызмет көрсету мәдениетін дамытуға әлі де уақыт қажет. Кейбір адамдар ақша төлесе болды, «барлық тілегімді орындау керек» деген көзқараспен қарайды. Бұл – жас мамандардың мотивациясын төмендетеді. Ал Ақтауда жергілікті халық туризм мен қонақүй ісінің не екенін жақсы түсінеді. Бірақ бұл деңгейге Aқтау бірден жеткен жоқ. Түркістанға да уақыт қажет. Сондай-ақ менің Ақтауға көшуіме жұмыс берушінің тегін жатын орынмен қамтамасыз етуі де әсер етті, – дейді Динара.
Осы мысал Түркістан туризміндегі басты түйткілді ашып көрсетеді. Кадр даярлау жеткіліксіз, оларды ұстап қалу үшін әлеуметтік қолдау, әділ еңбек саясаты мен мотивациялық тетіктер де қатар жүруі керек. Жергілікті билік, оқу орындары және бизнес арасындағы өзара байланыс қаншалық тығыз болса, Түркістан туризміндегі кадр дағдарысы да соншалық жеңілдей түспек.