Түркістан қаласында күзет агенттігінен қару ұрланған

19 Тамыз 2020, 05:16
1948
Бөлісу:
Түркістан қаласында күзет агенттігінен қару ұрланған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қаласында полиция қызметкерлері күзет агенттігінен қару ұрлаған күдіктілерді ұстады.

Polisia.kz порталының ақпаратына сүйенсек, түнгі уақытта Түркістан қалалық ПБ кезекші бөлімінің "102" пультіне күзет агенттіктерінің бірінің кеңсесінен атыс қаруы ұрланғаны туралы хабарлама келіп түскен. Содан оқиға орнына қалалық полиция басқармасының басшылығы бастаған жедел-тергеу тобы шығады. Полиция қызметкерлерінің анықтауынша, белгісіз адамдар күзет агенттігі орналасқан ғимаратқа кіріп, сейфті ашып, оқтары бар "Сайга" аңшылық мылтығын ұрлап кеткен. Сонымен қатар, ұрылар көрші кеңселерден екі ноутбукты қолды қылған.  

Аталған жайттар ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі ("Ұрлық") және 287-бабы 1-бөлігі ("Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру") бойынша тіркелді. Қару-жарақ пен басқа да бағалы заттарды ұрлаған күдіктілерді ұстау мақсатында Түркістан қаласының полицейлері жақын маңдағы аумақтарды аралап, бейнебақылау камераларын мұқият тексерді.

Содан полицейлер бейнекамералардың бірінен түнгі уақытта сөмкелеріне ауыр зат салып алып жүрген екі жолаушыны байқады. Алынған ақпараттың арқасында криминалдық полиция қызметкерлері іздестіру іс-шараларын жалғастырып, бір апта ішінде ұрылардың ізіне түсті. Одан әрі жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары ұрлық жасағандарды ұстады.

Күдіктілер Отырар ауданының тұрғындары, жас жігіттер болып шықты. Олар өз кінәларын толық мойындады. Ұрланған қаруды танысына сатып, ноутбуктарды Шымкент қаласындағы ломбардқа өткізген. Ал ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған.

Күдіктілер қамауға алынды. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өзгелердің жаңалығы