Түркістан полицейлері танысының атынан несие рәсімдеген әйелді анықтады

12 Тамыз 2021, 16:19
8663
Бөлісу:
Түркістан полицейлері танысының атынан несие рәсімдеген әйелді анықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Кентау қалалық ПБ-ға  жергілікті тұрғын шағым түсіріп, өзінің бұрынғы танысын қылмыстық жауапқа тартуды сұраған. Әйелдің айтуынша, ескі танысы оның атынан заңсыз 90 000 теңге несие алған. Бүгінде бұл қарыз өсіп кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша тіркеуге алды.

Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметі хабарлады. 

Жедел-іздестіру шараларына кіріскен полицейлер осы құқық бұзушылықты жасаған жас әйелді табуға қажетті шараларды жүзеге асырды. Соның нәтижесінде алаяқтыққа қатысы бар Сауран ауданының тұрғынын ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Ол өз кінәсін толық мойындады. 

Белгілі болғандай, күдікті жас әйел өзінің басқа банктегі қарызын жабу үшін танысының жеке мәліметтерін пайдаланып, оның ұялы телефоны арқылы несиеге ұсыныс жіберген. Содан мақұлдаудан кейін, ақшаны өзіне аударып алған. Бүгінде күдіктінің  бас шарасы «міндеттемеде». 

Барлығыңызға мәлім, алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа түрі – ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты интернет-алаяқтық болып отыр және оның түрлері де күн өткен сайын кең таралып, көбейіп келеді. Яғни  бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы жымысқы әрекеттерді жасайды. Сондықтан барынша сақ болыңыз! Кез келген адамға сенбеңіз, өзіңізге ғана белгілі құпия сандарды ешкімге айтпаңыз. Қандай да бір алаяқтықтың куәсі не құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабар беріңіздер, - делінген ПД таратқан хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы