Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кентау ҚПБ-ға жергілікті тұрғындардың бірінің есірткіні заңсыз өсірумен айналысатыны туралы хабарлама келіп түскен, деп хабарлады Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 300-бабы («Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру») бойынша тіркеп, тексеру жұмыстарын бастап кетті. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер есірткі өсіру қылмысына қатысы бар Сауран ауданына қарасты ауылдың тұрғынын анықтады, - делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары егістік алқабын тінту кезінде, алқаптың маңынан өсірілген есірткіге ұқсас 45 түп өсімдікті тапты. Осыдан соң аталған өсімдік тиісті сараптамаға жолданды, нәтижесінде 45 түптің барлығы «марихуана» өсімдігі болып шықты. Салмағы шамамен 95 грамм.
Полиция қызметкерлері тексеру барысында күдікті деп танылған азаматтың есірткіні өзіне қолдану мақсатында өсіргенін анықтады. Қазіргі таңда күдікті азаматқа қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.