Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Хакім Көшқалиев мәлім етті.
Түркістан облысында 57 қылмыс анықталды. Оның ішінде парақорлық бойынша 21, алаяқтық 4 және жымқыру фактілері бойынша 18 қылмыс тіркелген.
Сонымен қатар ол сыбайлас жемқорлық бойынша облыс көлемінде көш бастап тұрған салаларды атады.
Жыл басынан тұрғын үй қатынастары бойынша 12 қылмыс, полиция органдарында 9 қылмыс, білім саласында 8 және әлеуметтік салада 7 қылмыстық әрекеттер тіркеліп отыр. Әрине, бұл әрекеттер бойынша заң талабына сай алдын-ала тергеу жүргіземіз. Тергеу амалдарын жүргізілгеннен кейін басшыларына ұсыныс айтамыз. Ұжымның арасындағы мәселерге агенттік бірге қатысады. Олардан сыбайластықтың қайдан шыққанын анықтайды, -деді Департамент басшысы.
Ол сыбайлас жемқорлық фактілеріне төзбейтін адамдардың қарасы көбейіп келе жатқандығын хабарлады.
Меніңше бұл азаматтық позиция. Ол әр адамның имандылығы мен тәрбиесіне байланысты. Кейбір азаматтар көз алдында сыбайлас жемқорлыққа жол береді. Оның ішінде айтып өткеніміздей, адал адамдардың да қарасы бар. Олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілік танытып, мекемемізге хабарласып жатады. Әрине, ондай тұлғаларды қолдаймыз. Статистикаға сүйкенсек, Түркістан облысында 7 айдың ішінде 8 адамға 1,5 млн тенгеден сыйақы берілді. Бұл өткен жылдағы көрсеткішке қарағанда азаматтар саны көбейіп жатқанын аңғартады , - деді ол.
Сөз соңында халықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы фактілерді көрген жағдайда бірден орталыққа хабарлауды сұрады.
Биыл агенттіктің 1424 номеріне өңірімізден 71 адам хабарласқан. Жедел әрекет ету арқылы 3 тұлғаның заңсыз әрекеті үшін қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар екі лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Бұл азаматтардың позициясының арқасында тіркеліп отырған нәтижелер. Қазіргі таңда бұл әрекеттер өз жалғасын табуда, -деді Хакім Көшқалиев.