Түркістан облысының Қожатоғай ауылдық округінде жылына 50 мың басқа дейін ірі қара мал бордақылауға қауқарлы кешен іске қосылды. Орталық Азиядағы ең ірі нысандардың бірі саналатын кешеннің ашылу рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысты.
Жобаны «Қайып Ата» компаниялар тобына кіретін «Түркістан Агро KZ» ЖШС жүзеге асырды. Кешен жемшөп өсіруден бастап мал бордақылау, сою, ет өңдеу және дайын өнімді өткізуге дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды.
Жаңа нысан жылына 15 мың тоннаға дейін ет өндіруге мүмкіндік береді. Компаниялар тобының құрамында жылдық қуаттылығы 7,2 мың тонна ет өңдеу кәсіпорны мен 46 мың тонналық құрамажем зауыты бар. Сонымен қатар 1,4 мың гектар алқапта жемшөп дақылдарын өсіру және 12 мың басқа арналған заманауи мал биржасын салу жобалары қолға алынған.
Кешен құрылысы кезінде Аустралия технологиялары қолданылды. 2024 жылдан бері Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамытудың аустралиялық моделінің жекелеген элементтері енгізіліп келеді. Бұл тәсіл мал өнімділігін арттыруға, өндіріс шығындарын азайтуға және мал саудасының инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған.
Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстанда мал шаруашылығын дамытуға қажетті жайылымдық жер, жемшөп қоры, білікті мамандар және экспорттық әлеует бар. Былтыр ет экспорты 100 мың тоннадан асқан. Алайда бұл көрсеткіш елдің мүмкіндігі толық пайдаланылғанын білдірмейді.
Вице-премьер агроөнеркәсіп кешенінің жалпы ішкі өнімдегі үлесін қазіргі шамамен 6 пайыздан 10 пайызға жеткізу міндеті қойылғанын атап өтті. Оның сөзінше, мал шаруашылығын дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу экономикалық өсімнің қосымша көздеріне айналуға тиіс.