Түркістан облысында жылына 150 мың тонна жүгері өңдейтін зауыт іске қосылды

Жаңа өндіріс орнында 500 жұмыс орны ашылды.

 Үкіметтің баспасөз қызметі 19 Қараша 2026, 06:35
19 Қараша 2026, 06:35
51
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Түркістан облысының Шардара ауданында «Қазкрахмал» ЖШС жүгеріні терең өңдеу зауыты жұмысын бастады. Кәсіпорын жылына 150 мың тонна шикізат өңдеуге қауқарлы. Жаңа өндіріс орнында 500 жұмыс орны ашылды.

Зауыт заманауи жабдықтармен қамтылған. Өндіріс барысында шикізаттың 98 пайызы өңделеді. Алғашқы кезеңде кәсіпорын модификацияланған крахмал, глютен, сығынды, целлюлоза және басқа да өнім түрлерін шығарады. Толық қуатына шыққан кезде өнім ассортименті 28 атауға дейін кеңейеді. Олардың қатарында мальтодекстрин, меласса және сироптар бар.

Кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ету үшін өңірде жүгері егіс алқаптары кезең-кезеңімен ұлғайтылып, тамшылатып суару жүйелері енгізілуде. Жүгері күрішке қарағанда суды аз қажет ететіндіктен, бұл тәсіл су ресурстары шектеулі аймақ үшін маңызды.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстанда соңғы үш жылда дәнді дақылдардың жылдық өнімі 24 млн тоннадан асты. Бұл ішкі қажеттілікті өтеумен қатар, астықты терең өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Министрдің мәліметінше, бүгінде елімізде жылына жалпы 510 мың тонна астықты терең өңдейтін үш кәсіпорын жұмыс істейді. Биыл Жамбыл облысында қуаттылығы жылына 500 мың тонна жүгері өңдейтін Fufeng Group кешенінің бірінші кезеңі іске қосылған. Сонымен қатар Ақмола, Қостанай облыстары мен Астанада төрт ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Аталған жобалар толық іске қосылғанда, Қазақстанда астық шикізатын терең өңдеу қуаты жылына 5,8 млн тоннаға дейін жетеді. Бұл қосылған құны жоғары өнім өндірісін кеңейтіп, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыруға жол ашады.

Наверх