Түркістан облысында жолда қалып қойған 22 адам эвакуацияланды

Ведомствоның мәліметінше, зардап шеккендер жоқ, ешкімге медициналық көмек қажет болмаған.

 BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 08:43
Бүгiн 2026, 08:43
103
Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Түркістан облысының Төле би ауданында қолайсыз ауа райына байланысты жолда қалған 22 адам құтқарылды. Олардың арасында жеті бала бар.

Оқиға демалыс күндері табиғат аясында болған. Демалушылар Қайнар ауылынан шамамен 20 шақырым қашықтықтағы Жылық ата сарқырамасы маңынан қайтып келе жатқанда қатты нөсер жаңбырға тап болған. Соның салдарынан топырақ жол батпаққа айналып, бірнеше жеңіл көлік қозғалысын жалғастыра алмай қалған.

Оқиға орнына жедел жеткен Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары арнайы техниканың көмегімен эвакуациялау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 22 адам, оның ішінде жеті бала қауіпсіз жерге шығарылып, Қайнар ауылына жеткізілді.

Ведомствоның мәліметінше, зардап шеккендер жоқ, ешкімге медициналық көмек қажет болмаған.

ТЖМ азаматтарды табиғатқа шығар алдында ауа райы болжамын мұқият қадағалап, жол бағытын алдын ала жоспарлауға және жолдардың жағдайын нақтылап алуға шақырды.

Наверх