Түркістан облысында жаппай балық қырылып жатыр: Департамент тексеріс жүргізді

Мамандар оқиға орнына барып, зерделеу жұмыстарын жүргізген.

23 Шілде 2026, 11:57
АВТОР
 Threads 23 Шілде 2026, 11:57
23 Шілде 2026, 11:57
102
Фото: Threads

Түркістан облысы Төлеби ауданындағы Бадам өзенінің бойында орналасқан бірнеше балық шаруашылығында жаппай балық қырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы тұрғын Гүлмира Серікбаева желіде мәлімдеді. Оның айтуынша, Бадам өзенінің бойында орналасқан төрт балық шаруашылығында балықтардың жаппай қырылу фактілері тіркелген.

Автордың сөзінше, жаппай балық қырылуы туралы бірнеше мәрте хабарланып, жарияланғанына қарамастан, осы уақытқа дейін прокуратура, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет пен жергілікті әкімдік тарапынан нақты шаралар қабылданбаған.

Фото: Threads

Ол оқиға орын алған сәтте өзен суы мен қырылған балықтардан сынама алынып, зертханалық сараптама жүргізілуі тиіс болғанын атап өтті.

Сондай-ақ тұрғын өзенге өндірістік қалдықтардың төгілуі расымен балықтардың жаппай қырылуына себеп болса, аталған кәсіпорын өндіретін өнімнің қауіпсіздігіне қатысты да сұрақтар туындайтынын айтты.

Тиісті мемлекеттік органдар бұл жағдайға назар аударып, шұғыл тексеру жүргізіп, нақты жауап береді деп үміттенеміз, – делінген жазбада.

Біз бұл дерекке қатысты Түркістан облысы бойынша Экология департаментінен пікір білдіруін сұрадық. Ведомство «Балмұздақ» ЖШС тарапынан Бадам өзеніне ақ түсті сарқынды су ағызылып жатқаны және аталған аумақта орналасқан балық шаруашылығында балықтардың жаппай қырылу фактісі орын алғаны туралы хабарлама келіп түскенін мәлімдеді. 

Бұл хабарлама бойынша Түркістан облысы бойынша экология департаментінің мамандары оқиға орнына барып, зерделеу жұмыстарын жүргізген. Зерделеу барысында өзенге ағызылып жатқан сарқынды судан белгіленген тәртіппен сынамалар алынып, қазіргі уақытта зертханалық талдау жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, жеке тұлғаның арызы негізінде «Балмұздақ» ЖШС-не қатысты Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексеру тағайындалды. Тексеру және зертханалық талдау нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті шешімдер қабылданатын болады, - делінген ведомствоның редакцияға берген жауабында. 

Департамент қабылданған шаралар туралы қосымша ақпарат белгіленген тәртіппен хабарланатынын атап өтті. 

Наверх