Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті Байдібек, Түлкібас және Төле би аудандарының жергілікті атқарушы органдарына жер учаскелерін беру заңдылығына қатысты тексеру жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тексеру нәтижесінде жер учаскелерінің конкурс пен аукцион өткізілмей, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 48-бабының талаптарын бұза отырып берілгені анықталды.
Сот шешіміне сәйкес мемлекетке қайтарылды:
Байдібек және Түлкібас аудандары әкімдіктерінің қаулыларымен заңсыз бөлінген 4 359,91 гектар ауыл шаруашылығы жері, оның ішінде 1 149,54 гектар егістік және 3 209,71 гектар жайылым.
Сонымен қатар, Төле би ауданы әкімдігінің қаулысымен саяжай құрылысы үшін жер пайдаланушыларға заңсыз берілген 7,56 гектар аумақты қамтитын 63 жер учаскесі.
Сот бұл мәмілелерді жарамсыз деп танып, жер беру туралы шешімдерді заңсыз деп тапты. Сот шешімдері заңды күшіне енді.