Түркістан облысы Төлеби ауданының "Әңгірата" жалпы білім беретін мектеп директоры лауазымынан босатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түркістан облысының білім басқармасы мектеп директорының жұмыстан шеттетілу себебін функционалдық қызметін дұрыс атқармағандығымен түсіндірді.
Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті тарапынан тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде мектеп директоры атқарып отырған лауазымынан босатылды. Оған себеп функционалдық қызметін дұрыс атқармаған, - дейді Түркістан облысы білім басқармасының баспасөз хатшысы Нұрлан Сұлтанбек.
Айта кетейік, Facebook әлеуметтік желісінде Түркістан облысы Төлеби ауданындағы мектеп директоры туыстарын ретсіз жұмысқа алғаны туралы ақпарат тараған болатын. Онда әлеуметтік желі белсендісі, Ләззат Асанова "Әңгірата" мектебінің директоры туыстары мен таныстарын өзі басқарып отырған мектепке жұмысқа алғанын жазған.
Тұтқышев Тұрдалы Айтжанұлы — мектеп директоры. Тұтқышев Тұрар Айтжанович — қарауыл, Тұтқышев Тұрғынбек Айтжанович — лаборант, жұбайы Сугирбаева Сандуғаш Нұрлыбековна — мұғалім… Ал енді ағайындары, кластастары мен көршілеріне тоқталмай- ақ қояйын. Сонда Тұрдалы Тұтқышевқа заң жоқ па?, – деп жазған болатын белсенді парақшасында.
Лия Сауытова