Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының 6 ауданындағы 22 елді мекеннің тұрғындары көптен күткен «көгілдір отынға» қосылды. Бұл ауылдарда 6422 үй бар. Газбен қамтамасыз ету үшін бюджеттік қаражат есебінен 410,7 шақырым газ құбыры салынды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Алғашқы болып Сауран ауданына қарасты Теке, С.Қожанов, Н.Оңдасынов және Б.Жалаңтөс ауылдары газға қосылды. Бұл елді мекендерде 956 үй болса, оның 125-і газды қосуға дайын. Тағы 18 әлеуметтік, 10 коммуналдық нысан орналасқан.
Осы айдың соңына дейін барлық 22 елді мекен газға қосылады. Олар: Шардара ауданындағы Қоссейіт ауылы, Бәйдібек ауданындағы Мыңбұлақ, Жүзімдік, Бестоғай, Ақбұлақ, Қосбұлақ, Қайнарбұлақ, Мәдениет, Ынтымақ ауылдары, Сарыағаш ауданына қарасты Жаңаталап, Ақүй, Құркелес, Дастан, Алғабас ауылдары, Сауран ауданында Сұлтанбек Қожанов, Нұртас Оңдасынов, Б.Жалаңтөс ауылдары, Отырар ауданындағы Ынталы, Мыңшұқыр, Қоғам ауылдары.
Еліміздің оңтүстік өңірлерінде халық тығыз орналасқан. Табиғи газға сұраныс жоғары. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осы бағытта жұмысты жүйелеп, мәселеге баса назар аударып келеді. Алдағы уақытта да газдандыру жұмыстары жалғаса береді.