Түркістан облысының аумағында жедел-іздестіру және алдын алу іс-шараларының нәтижесінде өткен жылы қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 16,8%-ға төмендеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Аталған кезеңде криминалдық полиция сегіз қылмыстық топтың әрекетін тоқтатып, 16 пәтер ұрлығына қатысы бар 40 адамды ұстады. Мал ұрлаумен айналысқан 16 топ жойылып, 40 күдікті құрықталды. 791 бас ұрланған мал иелеріне қайтарылды. Мәселен, Келес ауданында жедел уәкілдер жалпы сомасы миллион теңгеден асатын мал ұрлығының үш фактісіне қатысы бар төрт күдіктіні ұстады. Мал ұрлаушылардан ұрланған үй жануарларының бір бөлігі және Газель тәркіленді.
Сонымен қатар ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметкерлері қылмыстық топтардың 13 қатысушысы мен көшбасшысын ұстады. Жалпы аталмыш басқарма полицейлері 117 қылмысты анықтады, оның ішінде 17 бопсалау фактісі, 34 қару және есірткі сақтау фактісі, 3 өз бетінше жер қойнауын пайдалану дерегі және 3 заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактісі бар. 21 қару, 500-ден астам оқ-дәрі, екі келіге жуық есірткі затын тәркіледі. Сондай-ақ экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының полицейлері терроризмді насихаттаудың 5 фактісін және терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама берудің 4 фактісін қоса алғанда, 24 қылмыстың жолын кесті.