Түркістан облысында мал контрабандасының ірі арнасы тоқтатылды

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

 BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 07:48
Бүгiн 2026, 07:48
97
Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Ішкі істер министрлігі ауыл шаруашылығы жануарларын заңсыз шетелге шығаруға бағытталған ірі арнаны әшкерелеп, оның жолын кесті. Нәтижесінде шамамен 1000 бас ұсақ малдың ел аумағынан заңсыз шығарылуына жол берілмеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында ІІМ жүйелі бақылау жұмыстарын күшейткен. Соның нәтижесінде жекелеген тұлғалардың жалған құжаттар арқылы малды заңсыз экспорттауға әрекеттенгені анықталған.

24 сәуір күні Түркістан облысында жедел іс-шаралар барысында өткізу бекеттерінің бірінде бірнеше жүк көлігі тоқтатылған. Көліктерге тиелген шамамен 1000 бас ұсақ малдың заңсыз тасымалданғаны белгілі болды.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Көлік құралдары мен жануарлар тәркіленген.

ІІМ мәліметінше, мұндай заңсыз схемаларды анықтау және жолын кесу жұмыстары тұрақты түрде жалғасады. Бұл шаралар елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған.

Наверх