Түркістан облысында «Гаухар ана» және «Сауран» визит-орталықтары салынады

19 Сәуір 2022, 11:55
2096
Бөлісу:
Түркістан облысында «Гаухар ана» және «Сауран» визит-орталықтары салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қарамағындағы тарих-мәдени мұра объектілерін таныту, туристік ортаға кірігу жұмыстарын белсендіру мақсатында «Гаухар ана» және «Сауран» визит-орталықтары бой көтереді. 

Бұл туралы «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғаудың және елдің мәдени әлеуетін дамытудың кейбір мәселелері туралы» комитеттің тақырыптық отырысында Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов айтты.

Вице-министрдің берген мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта елімізде 25 000-нан астам тарихи-мәдени мұра объектісі тіркелген, оның 12 000-нан астамы тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесіне ие, оның 250-і республикалық және 12 197-сі жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімдеріне енгізілген.

Дүниежүзілік және республикалық маңызы бар тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану мақсатында еліміздің әртүрлі өңірлерінде республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын нысанындағы 12 музей-қорық құрылған. Музей-қорықтардың мақсаты - ескерткіштерді қорғаумен қатар, заман үрдісіне орай олардың туристік тартымдылығын насихаттау, таныту. Осы жұмыстардың нәтижесінде 2021 жылы тарихи-мәдени мұра объектілеріне келушілер саны 2,5 млн-ға артты, ұйымдастырылған көпшілік шаралардың саны 1000-нан асты, өткізілген экскурсиялардың саны 1,5 млн-ды құрады, - дейді Дәуешов.

МСМ өкілі баяндағандай, музей-қорықтардың қарамағындағы объектілерді насихаттау, сақтау, қорғау, пайдалану жұмыстарында олардың инфрақұрылымдарын дамыту маңызды. Осы мақсатта замануи үрдістерді ескере отырып, музей-қорықтардың сапар-орталықтарын салу бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Мысалы, 2019-2020 жылдары «Отырар», «Таңбалы», «Ұлытау» музей-қорықтарының сапар орталықтарының құрылысы аяқталып, толық пайдалануға берілді. Сонымен қатар сапар-орталықтарда музейлендіру жүргізілді. Сапар орталықтардың ақпараттық орталықтар ретіндегі ролі зор. Келушілер мен туристер үшін сапар орталықтарда демалыс бұрыштары, интернетке қол жеткізу залы, экспозициялық залдар, балаларға арналған ойын бөлмелері ұйымдастырылған. Мәселен, Таңбалы сапар орталығының жанынан әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің археология кафедрасы студенттерге практикалық сабақтар өткізу мақсатында өз бөлімін ашқан, - деп толықтырды ол.

Сонымен қатар вице-министрдің айтуынша, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қарамағындағы тарих-мәдени мұра объектілерін таныту, туристік ортаға кірігу жұмыстарын белсендіру мақсатында «Гаухар ана» және «Сауран» визит-орталықтары бой көтереді. Оған қоса 2021 жылы қазақ елі бірлігінің символы тектес болған Ордабасы жерінде «Ордабасы», ежелгі Алтын Орда қалашығының аумағында «Сарайшық» сапар орталықтарының құрылысы басталып, оларды биыл аяқтау көзделген.

Одан бөлек, биыл республикалық бюджетті нақтылау науқаны кезеңінде «Есік» музей-қорығы сапар орталығының құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаражат бөлуге бюджеттік өтінім Республикалық бюджеттік комиссияда қолдау тапты.

Өзгелердің жаңалығы