Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында бақшасына есірткі егіп байымақ болған Ресей азаматы ұсталды. Ол осы облыстағы сыбайласымен бірге көптің көзіне көрінбейтін өзен жағасына қарасора отырғызып, әбден күтіп-баптапты, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.
Облыстық полиция қызметкерлері 5 мың түп есірткі шөбін анықтаған соң, айдаладан плантация ашқан екі азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Қосымша жедел іздестіру іс-шаралары барысында есірткі заттарын егіп, өсіруге жағдай жасаған негізгі күдікті анықталып, оған қатысты қамауға алу, бұлтартпау шарасы қабылданды, - деді Түркістан облысы ПД тергеу басқармасының тергеушісі Нұрым Ағманов.
Айта кетейік, бұл Түркістан облысында тіркеліп отырған бірінші жағдай емес. Жыл басынан бері мұнда есірткі шөбін өсірген 70-ке тарта дерек анықталған. Олардан 170 келіден астам тыйым салынған өсімдік түрлері тәркіленді.