Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі бес баланың анасы - Жетісай ауданының тұрғынымен жеке кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің баспасөз қызметі мәлім етті.
Әйел өзінің және балаларының жүйелі түрде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегетінін, өздері үнемі бір бөлмеге тығылып отыратынын, күйеуінің банк картасын пайдалануға рұқсат бермейтінін жеткізген. Отағасы барлық табысын ішімдікке жұмсап, балаларын ұрлық жасауға мәжбүрлейді екен.
Қазіргі уақытта әйел мен оның балалары "Көмек" дағдарыс орталығына орналастырылды.
Отырыс қорытындысы бойынша Уәкіл өкілі аудан мен ауыл әкімдіктері, полиция, Жетісай аудандық білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері қызметкерлерінің қатысуымен кеңес өткізіп, жиын барысында қатысушыларға нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар тұрғындардың кез келген проблемасына бейжай қарамауға шақырды.
Шенеуніктердің немқұрайлы көзқарасы мен алдын алу шараларының болмауы көп балалы отбасының қазіргі жағдайына себеп болып отыр.
Бұл ретте, Омбудсменнің Түркістан облысы бойынша өкілі құқық бұзушылықтар үшін лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарау жөнінде құзырлы органдарға ұсыныс жолдады.