Түркістан облысында биыл 37 ауыз су нысанының құрылысы жүргізіледі

30 Қаңтар 2023, 20:45
1369
Бөлісу:
Түркістан облысында биыл 37 ауыз су нысанының құрылысы жүргізіледі

Түркістан облысында елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары күшейтіліп, жұмыс жоспары қатаң қадағалауға алынады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде өңір басшысы Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеп, бірінші кезекте ауыз су мәселесі толық шешілуі тиіс екенін айтты. Ауыз суға қатысты жобаларды жеделдетуді тапсырды.

Ауыз су мәселесін толық шешу – ең бірінші міндетіміз. Бұл бағыттағы жобалар сапалы, жұмыстар тиянақты болуы тиіс. Жер асты суын іздеу-барлау жұмыстарын жүргізіп, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, тиісті іс-шараларды жылдамдатқан жөн. Жол карталары мен жоспарлар тағы да нақтыланып, елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамту жұмысын 2025 жылы толық аяқтау межеленуі қажет. Елді мекендерді ауыз сумен қамту жоспары жан-жақты пысықталып, жүзеге асыру жолдары қарастырылсын. Осы салаға қажетті ұсыныстарды жүйелеп, қаржы бөлу мәселесін шешуді тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің айтуынша, 2023 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша Түркістан облысындағы 831 елді мекеннің 719-ы (7 қала, 712 ауылдық елді мекен) немесе 86,5% ауыз сумен қамтамасыз етілді.

2023 жылы 57 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен 13,3 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде 43 нысанның құрылысы биыл аяқталады, қалған 14 нысан 2024 жылы тапсырылмақ. Нәтижесінде су құбыры жоқ 17 елді мекен (Бәйдібек – 1, Сарыағаш – 6, Келес – 4, Қазығұрт –1, Ордабасы – 4, Отырар-1) ауыз сумен қамтамасыз етіледі, 11 елді мекеннің (Бәйдібек-2, Қазығұрт – 1, Төлеби – 4, Мақтаарал – 1, Ордабасы – 1, Түлкібас – 2) тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады. Сонымен қатар 16 нысанның жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды.

2015-2021 жылдары аралығында жергілікті атқарушы органдар тарапынан облыс бойынша жалпы 267 елді мекеннің жер асты су қоры бекітілген. Биыл 22 елді мекенде іздеу-барлау жұмыстарын аяқтауға, 88 елді мекенде іздеу-барлау жұмыстарын бастауға және 15 шекара бөлімшесінің іздеу-барлау жұмыстарына облыстық бюджет есебінен 1,2 млрд. теңге бөлінген, - деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өзгелердің жаңалығы