Түркістан облысында 50-ден астам алаяқтық жайтына қатысы бар әйел қамауға алынды

28 Маусым 2021, 13:40
3732
Бөлісу:
Түркістан облысында 50-ден астам алаяқтық жайтына қатысы бар әйел қамауға алынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, жақын таныс емес әйел ұлын мүгедектікке шығарып беремін деп, сеніміне кіріп, 100 000 теңге ақшасын алған. 

Алайда уәде етілген шаруа орындалмағаннан кейін, өзінің оңбай алданғанын түсінген тұрғын полицейлерден көмек сұраған. Аталған жайтты Түркістанның полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша СДТБТ-ға тіркеді. 

Қылмысты жедел ашу мақсатында Түркістан ҚПБ-да тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды, олар бірден алаяқтың жеке-басын анықтауға кірісті. Іздестіру іс-шаралары барысында күдікті жыл басынан бері бірнеше рет алаяқтық жасап, қолхатта жүрген Сарыағаш ауданының тұрғыны болып шықты. 

Оны полиция қызметкерлері Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен жасырынып жүрген жерінен ұстады. Түркістан ҚПБ полицейлерінің айтуынша, бұған дейін де, яғни жыл басынан бері сезіктінің алаяқтықтың 51 жайтына қатысы бары анықталып, іс-құжаттар сотқа жолданған. Қылмыстық істер қаралып, 15.06.2021 жылы соттың шешімімен 33 жасар күдіктіге 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай күдікті әйел жалғызбасты және жұмыссыз, өзінің кәмелетке толмаған екі қызымен бірге тұрады. Сонымен қатар, соңғы бір айдың ішінде бас шарасы «қолхатта» жүрсе де, ескі әдетін тастамай, 7 адамды алдап, ақшаларын алып алғаны айқындалды. Ол оңай жолмен ақша табу мақсатында тұрғындарға өзін мемлекеттік қызметкер ретінде таныстырып, сенімдеріне ие болып, «қысқа мерзім ішінде мүгедектікке шығарып беремін» деген жалған уәдемен қарапайым азаматтарды сендірген. Қазіргі таңда соңғы алаяқтық жайттарына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, құжаттар сотқа жолдану үстінде.  Күдікті әйел қамауда. 


Өзгелердің жаңалығы