Түркістан облысы Дезинфекция орталығының бас директоры сотталды

1 Тамыз 2024, 12:46
494
Бөлісу:
Түркістан облысы Дезинфекция орталығының бас директоры сотталды
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Түркістан облысы бойынша дезинфекция орталығы» ШЖҚ РМК филиалының бас директоры К. Төрегелдиевке және жеке компанияның басшысы Д. Озықбаевқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Төрегелдиев алаяқтық, пара беруге итермелеу және немқұрайлық танытқаны, ал Озықбаев пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылды. 

Төрегелдиев РМК-да жүргізіліп жатқан аудиторлық тексеру жөніндегі мәселенің шешімін оң жақты еткені үшін лауазымды тұлғаларға пара беру сылтауымен Озықбаевтың 500 мың теңге сомасындағы ақшалай қаражатын алаяқтық жолмен иемденгені анықталды.

Сондай-ақ Төрегелдиев өз міндеттерін тиісінше орындамау нәтижесінде орындалған жұмыстардың актілеріне оны нақты орындалмай қол қойды, сол арқылы мемлекетке 2,2 млн теңге сомаға залал келтірді. 

Сот үкімімен Төрегелдиевке 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза, Озықбаевқа 7,5 млн теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. 

Сонымен қатар аталған адамдар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырылды. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы