Түркістанда есірткімен байланысты 174 дерек анықталды

18 Маусым 2020, 16:31
2662
Бөлісу:
Түркістанда есірткімен байланысты 174 дерек анықталды
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде өңірде шамамен 400-ден астам нашақор есепте тұрады. Ал жыл басынан бері бес айда есірткінің заңсыз айналымына қатысты 174 есірткімен байланысты дерек анықталды. 

Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің Есiрткi қылмысына карсы iс-қимыл басқарма бастығының орынбасары, полиция подполковнигi Нұрлыбек Әлібекұлы айтып берді.

Полиция подполковнигі Нұрлыбек Әлібекұлының айтуынша, 2020 жылдың 5 айында Түркістан облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының және аудандық құрылымдардың қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымына қатысты 174 есірткімен байланысты деректі анықтады. Оның ішінде 75-і есірткі қылмысы болса, 99-ы теріс қылық, 10-ы есірткіге қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар.

Сонымен қатар, есірткі қылмысы бойынша 53 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Заңсыз айналымнан 40 кг жуық түрлі есірткі заттары және 6000-ға жуық есірткі өсімдіктері (көкнәр, сора) тәркіленді. Есірткі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 10 азамат жауапкершілікке тартылды.

Осы жылдың наурыз айында героин есірткі затын сатуды кәсіп етіп жүрген Сарыағаш ауданының "Р" есімді тұрғыны ұсталып, үйін тінту кезінде 400 граммға жуық есірткі заты тәркіленді. Ал мамыр айында Шардара ауданының «А» есімді тұрғыны өзінің үйінің ауласында 5445 түп көкнәр өсімдігін заңсыз егіп, өсіргені үшін ұсталды. Сондай-ақ, осы мамыр айында өзінің жеке автокөлігімен есірткі затын аса ірі көлемде тасымалдап жүрген Кентау қаласының "М" есімді тұрғыны ұсталды. Оның үйін тінту кезінде 1 келіден астам марихуана тәркіленді, - деді Нұрлыбек Әлібекұлы.

Осы жылдың бес айында орта және арнайы орта мектептің оқушылары мен ЖОО-ның студент жастары арасында есірткі қылмысы мен нашақорлықтың алдын алу, жастардың есірткі және нашақорлыққа қарсы иммунитетін қалыптастыру мақсатында Қоғамдық денсаулық, Адами әлеуетті дамыту, Қоғамдық даму, Дене шынықтыру және спорт, Мәдениет басқармаларымен, мемлекеттік емес ұйымдармен және мектептегі ювеналды полиция инспекторларымен бірлесіп, 635 адам қатысқан 23 есірткіге қарсы және кәмелетке толмағандарды нашақорлыққа тартудың алдын алуға және болдырмауға бағытталған іс-шаралар өткізілді.

Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігінің жедел-профилактикалық және арнайы іс-шаралар өткізу жөніндегі жоспарына сәйкес, 2020 жылғы 1 маусым мен 30 қазан аралығында республикалық "Қарасора-2020" арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Іс-шараның негізгі мақсаты – облыс аумағында есірткі қылмыстарын, есірткінің келу арналарын анықтау, жою, заңсыз есірткі өсімдіктерін егумен айналысатын тұлғаларды анықтап, есіртімен байланысты барлық қылмыс түрлерінің жолын кесу және осындай заңға қайшы іс-әрекеттермен айналысып жүрген тұлғаларды Заңмен белгіленген жауапкершілікке тарту.

Осы аталған іс-шараның 15 күні ішінде есірткімен байланысты 53 дерек анықталды. Заңсыз айналымнан 3 мыңнан астам есірткі өсімдіктері және 12 кг есірткі заттары тәркіленді.

Айталық, осы жылдың 8-9 маусым аралығында ІІМ ЕҚҚІҚД мен Түркістан облыстық ПД ЕҚҚІҚБ-нің қызметкерлері "Қарасора-2020" ЖПІШ шеңберінде Ұлттық гвардия авиациясының МИ-Е тікұшағының экипажымен облысымыздың шекараға жақын, таулы және жазық аймақтарын, өзен жағалауларын әуе жолдарымен барлау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Отырар ауданының аумағында, тоғайдың арасында арнайы дайындалып, арық салынып, күтіп-бапталған, құрамында есірткі заты бар 3500-ден астам өсімдік егілген 8 дана есірткі плантациясы табылды. Осы барлау жұмысында Түркістан қаласының "А" есімді тұрғыны ұсталды. Қазір оған қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді полиция подполковнигі Нұрлыбек Әлібекұлы.

Оның сөзінше, тәркіленген айғақ заттар соттың шешімі шыққан соң актімен жойылады. Сондай-ақ, облыста есірткіге қатысты қылмыстың Сарыағаш, Түлкібас, Мақтаарал, Сайрам, Жетісай аудандарында көп тіркелетіндігін атап өтті. Ол полицияның міндеті күндіз-түні қылмыспен күресу, алдын алу, қоғамдық қауісіздікті қамтамасыз ету деп есептейді.

Героин мен есірткінің айырмашылығы героин ауыр түріне жатады. Адам героин тұтынатын болса, тәуелді болып, іздеп тұрады. Ол түрлі ауыр қоспалардан жасалады. Бізде облыста есепте шамамен 400-ден астам нашақор тұрады. Олармен тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізіледі, - деді полиция подполковнигі Нұрлыбек Әлібекұлы.

Өзгелердің жаңалығы