Қостанайда тұңғыш рет түркі музыкасының мерекесі өтті

29 Тамыз 2019, 20:25
3132
Бөлісу:
Қостанайда тұңғыш рет түркі музыкасының мерекесі өтті
PHOTO
Фото: автордан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қостанайда халықаралық «Түркі әлемі» этно-фестивалі ұйымдастырылды. Оған Қостанай, Алматы қалалары мен Қырғызстан, Өзбекстан, Башқұртстан елдерінің өнер ұжымдары қатысты. 

WhatsApp Image 2019-08-29 at 20.20.28.jpeg

«Тобыл-Торғай өңірінің жұртшылығы көптеген мәдени шаралардың куәсі болып жатыр. Республикалық театрлар байқауының қонақтарын шығарып салысымен, міне, туыстас елдердің музыканттары Қостанай төрінде бас қосты. Бұл – Елбасы, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында көрсетілген басым бағыттардың іс жүзінде көрініс табуы», - деді фестивальдің ашылуында Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы басшысы Ерлан Қалмақов.

WhatsApp Image 2019-08-29 at 20.20.30.jpeg

Фестиваль шымылдығы Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясы оркестрінің орындауында Евгений Брусиловскийдің «Желдірмесімен» түрілді. Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Башқұрстанның халық әртісі Рамил Гайзуллин қурай мен қайран ұлттық аспаптарымен өнер көрсетсе, Өзбекстаннан келген «Истеъдод» ансамблінің жас өнерпаздары әртүрлі халықтардың танымал шығармаларынан попурри орындады.

WhatsApp Image 2019-08-29 at 20.19.06.jpeg

Бірнеше халықаралық байқаулардың лауреаты «Хассақ» этно-фольклорлық ансамблі «Құрманғазы», «Қаражорға», «Аманат» атты туындыларын тарту етті. Ал, Қырғызстан халық аспаптар оркестрі өнер думанында қазақ музыкасының жауһарларын орындап, көрермендер ықыласына бөленді.

WhatsApp Image 2019-08-29 at 20.20.27.jpeg

«Туыстас елдердің өнерпаздарын жинап, үлкен іс-шара өткізіп жатқан бауырларымызға ризамыз. Мұндай ұлттық музыка фестивалі жалғасын табуы тиіс. Өйткені, бір-бірімізге жақындасып, жан дүниемізді тереңірек ұғына түсуге септігі зор. Біз бүгінгі кеште он шығарманы сахнаға шығардық. Оның ішінде қырғыздың қазақ халқына етене таныс, жүрегіне жақын, өн бойына сіңген «Таң сыры», «Нарыннан жазған сәлем хат» сияқты әндері бар. Құрманғазы атамыздың «Балбырауын» күйін, Латиф Хамидидің «Қазақ вальсін» де орындадық. Елдің қошеметі ерекше болды. Бізді жақындастырып жатқан домбыра мен қомуз екені рас. Бұған бүгін де көз жеткіздік», - дейді Қырғызстанның халық әртісі, Бішкек қаласының Үлкен симфониялық оркестрі мен халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Бақыт Тілегенов.

WhatsApp Image 2019-08-29 at 20.20.33.jpeg

Ташкент қаласының «Истеъдод» ансамблі жетекшісі Насиба Садықова да фестивальдің мән-маңызын айтып өтті.

«Бұл – біз үшін тәжірибе алмасу, бір-бірімізді жақынырақ тануға мүмкіндік. Түркі елдерінің туыстығын тілінің ғана емес, саз-әуенінің ұқсастығынан көруге болады. Осындай тамаша фестивальде бас қосуға мүмкіндік сыйлаған ұйымдастырушыларға мың алғыс», - деді Насиба Садықова.

IMG_3652.JPG

Фестиваль қортындысында барлық қатысушылар марапатталып, сый-сияпатқа кенелді.

Өзгелердің жаңалығы