Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев Түркістанда өткен бейресми саммитте ұйым классикалық саяси диалог шеңберінен шығып, түркі әлемінің цифрлық, экономикалық және институционалдық интеграция алаңына айналып келе жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бас хатшы биылғы наурыз айынан бастап хатшылық өңірлік күн тәртібіндегі өзгерістерге байланысты қосымша дипломатиялық консультациялар ұйымдастырғанын айтты.
Салалық министрлердің жыл сайынғы кездесулерінен бөлек, биылғы наурыздан бастап өңірлік динамиканы ескере отырып, Ыстанбұл мен Анталияда Сыртқы істер министрлері кеңесінің екі бейресми отырысын өткіздік. Осы кездесулер барысында түркі мемлекеттерінің бірлігі мен ортақ ұстанымын айқын көрсететін бірлескен декларация қабылданды. Сонымен қатар өзара қызығушылық тудыратын сыртқы серіктестермен ынтымақтастықтың икемді негізі ретінде ТМҰ Plus форматы туралы ереже бекітілді, – деді ол.
Өз сөзінде бас хатшы цифрлық трансформация мен ұйымға мүше мемлекеттердің интеграциясына ерекше тоқталды.
Оның айтуынша, ең маңызды практикалық цифрлық жобалардың бірі – Turkic ID бастамасы.
Хатшылық “Түркі ID” жобасын жүзеге асыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жоба түркі мемлекеттері азаматтарына шекарадан өткен кезде төлқұжаттың орнына ұлттық жеке куәлікті пайдалануға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бұл жүйе Әзербайжан мен Түркия, Қырғызстан мен Тәжікстан, сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстан арасында жұмыс істеп тұр, – деді Кубанычбек Өмірәлиев.
Ол жобаны толық жүзеге асыру түркі әлемі ішінде мобильді әрі цифрлық тұрғыдан ықпалдасқан кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді деп отыр.