Түркі мемлекеттері ұйымы: Болашаққа бағытталған мақсат. Бірлік пен өрлеудің он бес жылы

28 Қазан 2024, 11:55
180
Бөлісу:
Түркі мемлекеттері ұйымы: Болашаққа бағытталған мақсат. Бірлік пен өрлеудің он бес жылы

Түркі мемлекеттері Ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев ТМҰ-ның 15 жылдығына орай ұйымның қызметі және оның болашағы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) 15 жылдық мерейтойын атап жатқан осы күндерде ортақ даму, бірлік пен ынтымақтастық бағыттарына мән беруіміз қажет. Құрылған күнінен бастап ТМҰ – түбі бір түркі жұртының басын біріктіретін, жаһандық аренада ортақ іс-әрекет жасайтын белсенді платформаға айналды. Тарихы, дәстүрі, тілі мен мәдениетімен терең байланысқан мүше мемлекеттеріміз өзара ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, жаһандық сын-тегеуіріндерді еңсеру жолында да маңызды қадам жасап келеді.

Нахчыван келісімі және Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастық күніне арналған айтулы іс-шаралар

3 қазанда – ұйымымыздың негізін қалаған Нахчыван келісімінің 15 жылдық мерейтойы және Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастық күнін атап өтудеміз. Айтулы мерейтоймен Түркі дүниесіндегі барша бауырларымызды шын жүректен құттықтаймын! Бірлігіміздің заңды түрде ресми түрде бекітілгеніне дән ризамын, - деді ол.

Берік байланыстарға негізделген бірлігіміз жыл сайын бекемделіп келеді. Бүгінгі таңда 35-тен астам ынтымақтастық саласында қызмет жасап жатқан ТМҰ – саяси, экономикалық, мәдени, құқықтық және әлеуметтік салалардағы ынтымақтастықты қолдайтын маңызды тірекке айналды. Бұл даму – мүше және бақылаушы елдеріміздің жарқын болашақ құру жолында бірлесіп жұмыс жасауға ниетті екендігінің айқын көрінісі.

Болашаққа бағытталған мақсат

Ұйымымыздың негізін қалаған Нахчыван келісімінің алғашқы күндерінен бастап, ортақ болашағымыз үшін өзекті салаларды қамту мақсатында күн тәртібімізге шолу жасап қызмет салаларын кеңейттік. Атап айтқанда, бұл салалар саяси және экономикалық ынтымақтастық, энергетика мен көлік байланысы, туризм, білім, мәдениет, сот жүйесі, климаттың өзгеруі және тұрақты даму сияқты жаһандық мәселелерді қамтиды.

Соңғы рет 2024 жылғы 6 шілдеде Әзербайжанның Шуша қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының мемлекет басшыларының бейресми саммиті түркі халықтары арасындағы бірлік пен мақсаттың ортақ екендігін көрсетті.

«Көлік, байланыс және климаттық әрекеттер арқылы тұрақты болашақты қалыптастыру» тақырыбымен өткен саммит жаһандық маңызды мәселелерді бірлесіп шешуге бағытталған ортақ бағдарды айқындады.

Әзербайжанның аймақтық тұтастығы мен егемендігінің символы Шуша қаласы – Түркі дүниесі үшін маңызы қала. Саммитте қабылданған Қарабах декларациясы көлік инфрақұрылымы, климаттың өзгеруі, цифрлық экономика, энергетикалық интеграция және ғарыш технологиялары сияқты салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту керектігін көрсетті.

Декларация өңіраралық дәліздерді құрудың маңыздылығын және халықаралық Транскаспий Шығыс-Батыс орта дәлізі сияқты жобалардың экономикалық өркендеу мен сауданы қолдаудағы рөлін атап көрсетті. Сондай-ақ, климатқа төзімді ақылды қалалар, қайта қалпына келетін энергия саласындағы ынтымақтастық және «Цифрлық Жібек жолы» жобасы сияқты бастамаларды енгізу қажеттігі де атап өтілді. Саммит Түркі мемлекеттерінің экономикалық, мәдени және экологиялық серіктестіктер құру арқылы тұрақты болашаққа деген ұмтылысын дәлелдеді, - деді Кубанычбек Омуралиев.

Қорытындылай келе, Шуша саммиті Түркі дүниесінің бірлік рухын және аймақтық әрі жаһандық сын-қатерлерді бірлесіп шешуге дайын екенін бейнелейтін тарихи кездесу болды. Бұл бірлік рухының Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы болашақ ынтымақтастықты қалыптастыратыны анық.

6 қарашада Бішкекте өтетін Мемлекет басшылары кеңесінің 11-ші саммиті «Түркі дүниесінің күшеюі: экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және ортақ қауіпсіздік »тақырыбына арналады. Бұл саммит аталмыш маңызды мәселелерге деген біздің шешімімізді тағы да растау үшін маңызды мүмкіндік болады.

Көлік және байланыс саласындағы жетістіктер

Соңғы 15 жыл ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) түркі дүниесінде көлік және байланыс саласының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Транскаспий Шығыс-Батыс орта дәлізі сияқты бастамалар аймақтық саудаға тың серпін беріп, сауда саласын тиімді әрі тұрақты қылуда. Баку-Тбилиси-Карс теміржолы сияқты маңызды жобалар Азияны Еуропамен байланыстыратын үздіксіз сауда желісін құру, экономикалық интеграцияны нығайту және жаһандық деңгейде ықпалымызды арттыруға бағытталған ортақ күш-жігеріміздің айқын көрінісі.

Еуразиялық байланысты нығайту аясында Орта дәліздің оңтүстік бағытының бір бөлігі Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолы өңірлік интеграцияның негізі ретінде қарастырылады. Бұл теміржол іске қосылғанда Қытайдың өнеркәсіптік орталығын дамушы нарықтармен тікелей тоғыстыратын болады.

Алғашқы болжамдар бойынша, бұл жаңа бағыт Шығыс Азия мен Таяу Шығыс және Оңтүстік Еуропа арасындағы қашықтықты шамамен 900 шақырымға қысқартып, сапар уақытын 7-8 күнге азайтады. Сондай-ақ, жылына 12-15 миллион тонна жүктің тасымалын жеңілдетеді.

ТМҰ мүше елдер арасында тиімді және кедергісіз тасымалдауды қамтамасыз ету үшін көлік рәсімдерін цифрландыру бойынша маңызды жобаларды іске асырып келеді. Негізгі бастамалар қатарында кедендік рәсімдерді жеңілдететін «Цифрлық TIR» және 2022 жылы Қырғызстанның мүше болуымен Қазақстан мен Өзбекстан арасында іске қосылған жасыл дәліз жобалары бар. Түркия мен Өзбекстан автомобиль көлігі операцияларын цифрландыру арқылы әкімшілік шығындарды азайтатын, шекаралық өткелдерді жақсартатын «e-Permit» жобасына жетекшілік етуде. Сонымен қатар, өңірдегі тасымалдауды жеңілдететін цифрлық жүкқұжаттар үшін «e-CMR» жүйесін енгізу жұмыстары жалғасуда. Бұл жобалар көлікті заманауи етуге және мүше мемлекеттер арасындағы сауданы жеңілдетуге бағытталған, - деді Кубанычбек Омуралиев.

Экономикалық ынтымақтастық: Ортақ өркендеу жолы

Экономикалық ынтымақтастық біздің күн тәртібіміздің маңызды саласы болып қала береді. Аймақішілік сауда мен инвестицияны ынталандыратын жобаларды қаржыландыру үшін ортақ алаң ұсынатын Түркі инвестициялық қорының 2023 жылы құрылуы маңызды кезең болып табылады. Аймақтағы ішкі сауда мен инвестицияларды дамытуға бағытталған жобаларды қаржыландыру үшін бірлескен платформа ұсынады.

Ұйымымыздың қызметтер мен инвестициялар туралы еркін сауда келісімі және Цифрлық экономика саласында серіктестік келісімі бойынша жалғасып жатқан келіссөздер кедергілерді жоюды, кәсіпорындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуды, сондай-ақ аймақ бойынша өсу мен инновацияны қолдауды көздейді.

Біз сондай-ақ, ТМҰ-ға мүше елдердің Орталық (Ұлттық) банктерінің кеңесін құру бағытында нық қадамдар жасап келеміз.

Бұл стратегиялық жобалар арқылы біз Түркі дүниесін жаһандық сауда жолдарының маңызды буыны ретінде қалыптастырып, тығыз байланысқан және бәсекеге қабілетті өңір құруды мақсат етеміз.

Женевадағы Түркі апталығы: Мәдениет пен дипломатияның тоғысуы

2024 жылғы сәуір айында БҰҰ-ның Женевадағы штаб-пәтерінде өткен Түркі апталығы ТМҰ үшін маңызды кезең болды. Айтулы іс-шара елдеріміздің бай мәдени мұрасы мен халықаралық аренадағы дипломатиялық белсенділігін көрсетті. Көрмелер, музыкалық қойылымдар мен дөңгелек үстелдер арқылы түркі дүниесінің жаһандық мәдениет пен дипломатияға қосқан үлесі бүкіл әлемге паш етілді. Бұл іс-шара халықаралық серіктестермен диалог алаңына айналып, ТМҰ-ның халықаралық деңгейдегі беделін арттырды.

Түркі дүниесінде туризмді дамыту

Туризм Түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бір бөлігі. Осы тұрғыда ТМҰ аймақтың бай мәдени және тарихи мұрасын ескере отырып, түркі дүниесін жетекші туристік орталықтардың біріне айналдыруға бағытталған әртүрлі жобаларды жүзеге асыруда. «Жаңа Жібек жолы және киелі жерлерге саяхат» секілді жобалар мемлекеттер арасындағы терең байланыстарды қолдап, туризм мен мәдени алмасуға ықпал жасайды. Түркі дүниесінің туристік астанасы бастамасы да мәдени алмасуды ғана емес, экономикалық өсуге де серпін беретін бастама.

Климатқа байланысты ынтымақтастық

ТМҰ климаттың өзгеруіне байланысты шұғыл мәселелерге жауап ретінде аймақтық ынтымақтастықты жақсарту бойынша батыл қадамдар жасауда. Бұл күш-жігер 2024 жылғы қараша айында Бішкектегі саммитте қабылданатын Түркі жасыл бағдар/мақсат жобасында айқын көрініс табады. Бұл – түркі дүниесінің тұрақты дамуы мен климаттық іс-қимылдарға деген ортақ міндеттемесін білдіреді.

Осы тұрғыда климатқа төзімді ақылды қалалар мен ауылдарды дамыту бастамасының маңызы зор. Бұл жобалар таза энергетикалық шешімдер мен тұрақты инфрақұрылымды интеграциялауға, сондай-ақ, өмір сүру сапасын жақсартуға, қоғамды климаттық сын-қатерлерге дайындап, экономикалық дамуды қолдауға бағытталған.

ТМҰ экологиялық тұрақтылық пен цифрлық инновациялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында «Климаттық және жасыл цифрлық платформасын» құруды жоспарлауда. 2024 жылғы қарашада Бакуде өтетін БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 29-шы конференциясы (COP29) аясында біз таулы аймақтарда тұрақты дамуды қолдау мақсатында «Таулар және климат жөніндегі диалогты» іске асыруды жоспарлап отырмыз.

Білім және тіл саласындағы ынтымақтастық

Экономикалық және экологиялық бастамалардан тыс ТМҰ білім мен академиялық ынтымақтастықты аймақтағы болашақ даму мен интеграцияның негізгі қозғаушы күші деп біледі.

Түркі университеттері одағын құру бастамасы мүше елдердің университеттері арасында академиялық ынтымақтастық пен бірлескен ғылыми жобаларды ынталандыруға ықпал жасайды. Бұл жоба студенттер мен оқытушылардың алмасуын қолдап, білім берудің ортақ стандартын ілгерілетеді,өзара серіктестіктердің дамуына пайдасын тигізеді.

ТМҰ шеңберінде түркі халықтарының тіл және мәдени мұрасын сақтау мақсатында Тіл комиссиясы құрылып, түркі алфавитін стандарттаудың негізі болды.

Жақында Бакуде Түркі академиясының ұйымдастырумен бас қосқан Тіл комиссиясы 34 әріптен тұратын ортақ түркі алфавитінің соңғы нұсқасын қабылдады. Бұл ортақ алфавит біздің бай тілдік мұрамызды сақтауға және түркі халықтары арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Халықаралық ынтымақтастық және дипломатия

ТМҰ-ның 2022-2026 жылдарға арналған стратегиясына сәйкес түркі дүниесіндегі жалпы мәселелерді шешу және тұрақты дамуға ықпал ету үшін халықаралық ұйымдармен серіктестіктерімізді айтарлықтай кеңейттік. ТМҰ халықаралық дипломатияда маңызды актер ретінде жаһандық форумдар мен бастамаларға қатысуда және Еуразия мен өзге елдерде бейбітшілік, тұрақтылық пен ынтымақтастықты ілгерілетуде маңызды рөл атқарып келеді.

Түркі дүниесі арасындағы ынтымақтастық

Түркі халықтары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында Түркі академиясы, Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ), Түркі мәдениеті және мұрасы қоры, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясымен (ТЮРКПА) Үйлестіру комитетінің функцияларын дамытып жатырмыз. Бұл тұрғыда 36 негізгі бастамадан тұратын іс-қимыл жоспарын қабылдау – біздің ынтымақтастықты нығайту және өңірлік байланысты тереңдетуде күш-жігеріміздің айтарлықтай жетістіктерге жеткенінің айқын көрінісі.

Болашаққа бағдар

Осы бастамалармен қатар, біз көптеген түрлі салаларда жұмысымыздың қарқынды түрде жалғасып жатқанын атап өткіміз келеді. Айта кетсек, сот жүйесі, дін істері, қорғаныс, әділет, отбасы және әлеуметтік мәселелері осы жобалардың бірқатары. Біз бұл салалардың әрқайсысында мүше мемлекеттеріміз арасында ынтымақтастықты арттыру және дамуды қолдау үшін жан-жақты ілгерілеуге қол жеткізуге бекіндік.

ТМҰ-ның 15 жылдық жетістіктерін атап өтіп жатқан осы күндері болашаққа зор үмітпен қараймыз. Осы орайда бізді біріктіретін бауырластық, ортақ құндылықтар мен өзара құрмет сияқты идеалдарға деген адалдығымызды тағы да атап өткім келеді. Түркі дүниесі ата-бабаларымыздың қалдырған іргетасы терең ынтымақтастыққа трамплин болатын өте маңызды кезеңде тұр. Бірліктен күш туады. Қадам басып келе жатқан бұл жолда Түркі дүниесінің болашағы жарқын, - деді ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев.

Өзгелердің жаңалығы