Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Түркі елдерімен келісім: Апат болса, кім жауап береді?

Бөлісу:
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерболат Сатыбалды Төтенше жағдайлар министрінің міндетін атқарушы Кеген Тұрсынбаевқа азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісім аясында адам өліміне, материалдық шығындарға және қызметкерлер қателіктеріне кім жауапты болатынын сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін ТЖМ өкілі «Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы туралы баяндама жасаған болатын Депутаттар осы заң нормаларына қатысты өз сұрақтарын қойды.

Депутат Ерболат Сатыбалдының айтуынша, келісім аясында жүргізілетін құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстары кезінде келтірілген зиян үшін халықаралық ұйымның жауапкершілігі нақты айқындалмаған.

Келісім шеңберінде адам өліміне, материалдық шығындарға және қызметкерлер тарапынан кеткен қателіктерге кім жауап береді? Зардап шеккен азаматтардың құқықтары қалай қорғалады? – деп сұрады Ерболат Сатыбалды.

Төтенше жағдайлар министрінің міндетін атқарушы Кеген Тұрсынбаев бұл мәселе халықаралық тәжірибеге және әр мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес шешілетінін айтты.

Бұл тетік әр елдің заң нормаларын ескере отырып, төтенше жағдайларға бірлесіп ден қою стратегиясын қамтиды. Заң күшіне енгеннен кейін бұл сұрақ министрлер кеңесі деңгейінде де қаралады, – деді ол.

Оның айтуынша, жауапкершілік мәселесі құтқару жұмыстары қай елдің аумағында жүргізілсе, сол мемлекеттің заңнамасына сәйкес айқындалады және әрбір жағдай жеке қаралады.

Бұған дейін Түркі елдері енді апаттарға бірлесіп қарсы тұратыны жайлы жазған едік.

Өзгелердің жаңалығы