Астанада өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) медиа және ақпарат мәселелері жөніндегі VIII отырысында ортақ телерадио хабар тарату желісін құру, теле- және радио бағдарламаларын өзара тарату, сондай-ақ 2027 жылға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары талқыланды. Бұл туралы ТМҰ Бас хатшысының орынбасары Омер Коджаман қорытынды сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, кеше өткен Медиа және ақпарат жөніндегі жұмыс тобының 13-отырысында бірнеше маңызды мәселе қаралған. Соның бірі – Түркі мемлекеттерінің ортақ телерадио хабар тарату желісін құру.
Құжаттың мазмұнын талқылау үшін онлайн кездесулер өткізіп, оны мүше мемлекеттер қол қоятындай деңгейде пысықтауды жоспарлап отырмыз, – деді Омер Коджаман.
Сонымен қатар Өзбекстан тарапы ТМҰ-ға мүше мемлекеттер арасында теле- және радио бағдарламаларын өзара тарату туралы келісім әзірлеуді ұсынған. Спикердің сөзінше, тараптар құжатты одан әрі пысықтау қажеттігімен келіскен. Талқылау барысында Түркия тарапының да бірқатар ескертулері мен ұсыныстары айтылған.
Омер Коджаманның айтуынша, бұл келісім бойынша жұмыс ортақ телерадио хабар тарату желісі аясында құрылатын арнайы комитет арқылы жалғасады. Сондай-ақ Қазақстан тарапының медиа саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қатысты ұсыныстары да назарға алынған.
Медиа саласындағы ынтымақтастық кеңейтіледі
ТМҰ Бас хатшысының орынбасары мүше мемлекеттерді медиа саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге қатысты өз ұсыныстарын жолдауға шақырды. Бұл ұсыныстар келесі жылы Қырғызстанның Бішкек қаласында өтетін кездесуде ескеріліп, бірлескен жұмыстың басым бағыттарын айқындауға негіз болады.
Ол Астанадағы жиынды ұйымдастырған Қазақстан тарапына алғыс білдіріп, кездесудің жасанды интеллект пен цифрландыру тақырыбына арналуының маңызын атап өтті.
Желтоқсан айында Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанда өткен бейресми саммиттің тақырыбы цифрлық даму мен жасанды интеллект болды. Сондықтан бүгінгі кездесудің де осы мәселелерге арналуы ерекше маңызды, – деді Омер Коджаман.
2027 жылға арналған іс-қимыл жоспары қабылданды
Кездесу қорытындысы бойынша Коммюнике мен 2027 жылға арналған іс-қимыл жоспары қабылданды. Қатысушылар тиісті құжатқа қол қойды.
Спикердің мәлімдеуінше, отырыс қорытындысы бойынша бірлескен коммюнике мен 2027 жылға арналған іс-қимыл жоспары қабылданды. Құжатта мүше мемлекеттер келіскен бірқатар іс-шара, бағдарлама мен жоба қамтылған.
Тараптар алдағы жылы осы жоспарға сәйкес бірлескен іс-шаралар өткізіп, медиа және ақпарат саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті.
Омер Коджаман сөз соңында қатысушыларға ұсыныстары мен бастамалары үшін алғыс айтып, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына тілектестік білдірді.