Астанада Ортақ түркі әліпбиі жөніндегі комиссия Ортақ түркі әліпбиі негізінде әзірленген қазақ әліпбиін мақұлдады. Бұл туралы Түркі академиясының сайтында жазылған.
Кестеде Ортақ түркі әліпбиі негізінде әзірленген ұсынылатын қазақ әліпбиі берілген. Ол Комиссия қабылдаған ресми құжаттардың құрамында жарияланып отыр.
Отырыс қорытындысы бойынша Ортақ түркі әліпбиін одан әрі қолданысқа енгізуді қолдайтын Декларацияға қол қойылды. Декларациядағы маңызды шешімдердің бірі ретінде Ортақ түркі әліпбиін қолдану жөніндегі ұсыныстар, сондай-ақ Ортақ түркі әліпбиі негізінде әзірленген қазақ және қырғыз әліпбилерінің үлгісі мақұлданды. Құжат Ортақ түркі әліпбиін іс жүзінде қолдануды қамтамасыз етуге арналған ортақ анықтамалық және бағдарлық материал ретінде пайдаланылатын болады, – деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, 2024 жылы Түркі мемлекеттері ұйымының жанынан құрылған Түркі әлеміне ортақ әліпби комиссиясы 34 әріптен тұратын әліпби нұсқасын мақұлдады. Соның негізінде түркі елдері өзінің әліпбиін әзірлеп бастаған болатын.
Түркі елдеріне ортақ әліпби жасауда 1991 жылы әзірленген әліпби нұсқасы қаралып, қажетті өзгерістер енгізілген.